Үндеме, тыныш отыр: Баланың талабын шектейтін тыйым сөздердің тізімі жасалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Жаңа адамдар» қозғалысы психолог Зарина Кенжеқармен бірге баланың талабына тұсау салып, қиялын шектейтін тыйым сөздердің тізімін жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өздерін «Жаңа Қазақстанның» жаршысы ретінде таныстырып жүрген «Жаңа адамдар» қозғалысы психолог маманның көмегімен қоғамдағы баланың дамуына кедергі келтіретін тыйым сөздерді анықтап, нейрожелінің көмегімен ол сөздерден келетін зиянды шартты иллюстрациялар арқылы кескіндеп шыққан.

«Тиме, сындырасың!», «Бірінші рұқсат сұрау керек», «Әкел, өзім істейін», «Қумашы», «Тыныш отыр»...

Психолог Зарина Кенжеқардың пайымынша, оттың басы, ошақтың қасында жиі айтылатын осы сөздер баланың санасы мен мінез-құлқында өшпес із қалдырып жатыр.

Бұл сөздерді естіп өскен бала үлкен өмірге аяқ басқанда біреу келіп итермелемесе, өз қалауымен іс бастамайтын, әр қадамын айналасына алаңдап басатын, қолынан келіп тұрған істің өзін сенімсіздікпен орындайтын еріксіз адам болып өсуі мүмкін.

Ал иллюстрациялар «Осы сөздерді әлемге білімі мен еңбегінің арқасында теңдессіз жетістікке жеткен адамдар естіп өссе, не болар еді» деген сұраққа жауап іздейді.

Қоғалыс белсендісі Алпамыс Әбілов қоғамдағы келеңсіз құбылыстардың тамырын жою үшін жұрт болып зиянды тыйым сөздерден арылу қажет деп есептейді.

«Бізге әрі қарай да басқалардың пікіріне жалтақтап, әр әрекетімізден ұялып өмір сүре беруге болады. Біреудің бастамасы мен тың идеясын байыбына бармай жатып сынау, өзіміздің істеп жүрген шаруамызға күмәнмен қарау сияқты жат әдеттерден арылуымыз керек. Ол үшін адамды кері тартып тартып, тежейтін тыйым сөздерден арылуымыз керек. Ал ол әркімнің тіліне ие болуынан, ойланып сөйлеуінен басталады. Өйткені, әркім өзін өзгерту арқылы айналасын да өзгертеді. Сонда ғана «Жаңа Қазақстанды» бірге құра аламыз», - дейді ол.

Бұған дейін аталмыш ұйымның кімдердің қолдауымен құрылғаны туралы мәлімет ұсынған едік.


Фото: instagram.com/zhana.adamdar
Соңғы жаңалықтар