«Үміт-2016»: Түрмеде салынған суреттер байқауы қорытындыланды - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Үміт-2016» атты көркемсурет және қолданбалы өнер туындыларының көрмесі мен облыстық байқауы өтті.

Ақмола облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде жазаларын өтеп жүрген сотталушылардың салған суреттері мен қолданбалы өнер туындылары ұсынылған «Үміт» көрмесі мен облыстық байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Байқауға облыстағы бас бостандығынан айыру орындарының жеті мекемесінен жетпіске жуық шығарма ұсынылған. Олардың 43-і қолданбалы өнер бұйымдары болса, 24-і көркемсурет туындылары. Мекемеде жазаларын өтеп жүріп, өз қолдарымен жасаған туындыларды туған туыстары мен таныстары, жалпы қала тұрғындары көрсін деген оймен бұл көрме осымен оныншы рет ұйымдастырылып отырған көрінеді.

Көркемсурет аталымы бойынша суретшінің ерекше шеберлігі, сурет салудағы техникасы мен динамикасының артықшылықтары ерекше көзге түскен «Адамның тағдыры» туындысы бірінші орынға әбден лайық деп танылды. «Ұмыт қалмасын», «Демалыста» деген суреттер де көрме тамашалаушыларын елең еткізбей қоймады. Бұл суреттер жүлделі екінші және үшінші орындарға ие болды. Сондай-ақ, «Астана таңы», «Бурабай» туындылары да ынталандыру сыйлықтарымен марапатталатын болады.

Қолданбалы өнер бұйымдары аталымында «Кеме» туындысы үздік деп танылды. Сол сияқты, ағаштан қашалып, өте қиын техникамен жасалған «Жаратушы» статуясы екінші орынға ие болса, өзіндік жасалу сапасымен әрі ағашты оюлап өрнектеу ерекшелігімен «Қобдиша» туындысы үшінші орынға лайық деп танылды. Бұл аталым бойынша «Нарды» және «Кеме» туындыларын жасаған шеберлер ынталандыру сыйлықтарымен марапатталатын болады.

Көрмеге ұсынылған шығармалар мен оларға қойылған тақырыптардан сотталушылардың өмірге, қазіргі қоғамға деген көзқарастарын ұғуға болады. Олардың кейбірінен өкініштің лебі есіп тұрғандай көрінді. «Үміт-2016» көрмесі ағымдағы жылдың 10 қазанына дейін өтеді.

Соңғы жаңалықтар