Ұлытаулық 72 жастағы саяхатшы Маңғыстау өңіріне жаяу жетті

None
АҚТАУ.ҚазАқпарат – Ұлытау облысының 72 жастағы саяхатшысы Сәрсенбай Қотырашов Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына жаяу жетті. Оны маңғыстаулық жол сақшылары қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақсақалды Бейнеу-Боранқұл тасжолында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Н.Шыңғыс пен Қ.Піржанов қарсы алды. Олар саяхатшының қал-жағдайын біліп, алдағы сапарына сәттілік тілеп шығарып салды», - деп мәлім етті Маңғыстау облысы Полиция департаментінен.

Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығының қызметкері және еңбек ардагері Сәрсенбай Қотырашов ел өңірлері бойынша жаяу марафонын 31 наурызда бастаған болатын. 72 жастағы ақсақал қараша айына дейін бүкіл елді аралап шықпақ.

Ұлытаудан шыққан қария 13 күнде Қызылордаға жетті. 11 мамырда 1 700 шақырымды артқа тастап, Алматы қаласына келді. Кейін тоғызыншы өңір – Павлодар облысына аялдады. 60 келілік арбасын сүйреген саяхатшы шілде айының басында Астана қаласына жетті. Одан әрі жаяу марафоншы 4,5 мың шақырымды артқа тастап, Петропавлға ат басын тіреді. Тілшілерге сұхбат берген ол үш ай бойы 12 облысты, 15 қаланы аралап өткенін айтты. Жолда алты аяқ киім ауыстырған. Алда 5 облыс – 3,5 мың шақырымды еңсеруі керектігін жеткізді.

Қария бұл сапарын алты жыл бұрын жоспарлаған. Саяхатшының ең соңғы тоқталатын нүктесі Ақтау қаласы болмақ.


Соңғы жаңалықтар