Ұлытауда ұлттық тағамдар гастро-шоуы ұйымдастырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 24 тамызда Қарағанды облысында Қазақстанның киелі мекенінде – Ұлытау жерінде өтетін Jezkiik этномәдени мұра екінші халықаралық фестивалінің қонақтарына гастрономиялық шоу көрсетіледі, деп хабарлайды облыс әкімдігінің сайты.

Алдағы уақытта өтетін шара жайлы толығырақ Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Еркебұлан Ағымбаев айтып берді.

Гастро-шоу фестивальдегі мамандандырылған аймақтардың бірі болмақ. Бас аспаз халықтың алдында қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, көшпенділердің дәстүрлі тағамдарының ингредиенттері мен шығу тарихы туралы әңгімелейді.

Болатсай аумағында этноауыл салынады. Бағдарламаның негізгі бөлігі музыкалық аймақта өтеді. Спорттық аймақта Nomad Stunts шабандоз-каскадерлер тобы өнер көрсетеді. Food-аймақта қонақтар тамақтанып, салқын сусындар сатып ала алады.

«Жезкиік» екінші музыкалық фестивалінде Италия, Испания, Венгрия, Сербия және Қазақстан музыканттары мен фольклорлық ұжымдары өнер көрсетеді. Сахнаға Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жетекші солистері шығады, «Тоқырауын толқындары» халық ән және би ансамблінің әртістері, халық әндерінің орындаушылары қатысады. Гала-концертке «Арлан» ұлттық дәстүр театрының әртістері, қазақстандық эстрада жұлдыздары: Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманов, аты аңызға айналған «Дос Мұқасан» тобы, «Ұлытау» және Alatau Serileri топтары, «Алтын батыр» степ-тобы өнер көрсетеді.
Фестиваль қарсаңында 22 тамызда Ұлытау қаласында туроператорлар форумы өтеді, оған Ресей, Түркия, Германия және басқа да елдердің мамандары шақырылды. Туроператорлар үшін Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне және басқа да тарихи ескерткіштер мен киелі жерлерге экскурсия өткізіледі.

23 тамызда мұнда ауыл жастарының форумы өтеді.
Фестиваль алаңында киіз үйлер орнатыла бастады, жалпы саны 45 киіз үй көтерілмек. Қазіргі таңда үлкен сахнаны, ойын алаңдарын, алтыбақанды, сауда шатырларын, қолөнершілерге арналған шатырларды және басқа да ғимараттарды қамтитын этно ауыл құрылып жатыр.
Бірінші Халықаралық Jezkiik фестивалі Қарағанды облысында 2018 жылы дүркіреп өткен болатын. Содан кейін музыкалық іс-шара жыл сайын өткізіледі деген шешім қабылданған.

Соңғы жаңалықтар