Ұлытауда материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөнінде форум өтті

None
None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Ұлытау ауданында материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен дамытуға арналған алғашқы қазақстандық қоғамдық онлайн-форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумға қауымдар өкілдері мен материалдық емес мәдени мұраны қолдаушылар, қолданбалы қолөнер шеберлері, мұражай қызметкерлері, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты. Қазақстандық қолөнершілерді дамыту және қолдау, өлкетану мұражайлары қызметінің жаңа бағыттары, сондай-ақ қазақстандық дәстүрлі білім тасымалдаушылардың ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолындағы фестивальдар» жаңа жобасына қатысуы мәселелері талқыланды.

Айта кету керек, Қазақстан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Конвенциясына 2011 жылғы желтоқсанда қосылды. Міне, 10 жылдан кейін республиканың материалдық емес және рухани мәдениетінің ескерткіштері бүкіл әлемде мойындалды.

Мәдени мұрамыздың он бір элементі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік тізіміне енгізілген. Олардың қатарында Наурыз, қазақша күрес, аңшы құстармен аң аулау, Қорқыт мұрасы, киіз үй жасау, қазақ күйлерін орындау, Көкмайса мерекесі бар. Өткен жылы тізім қазақтың ежелгі тоғызқұмалақ ойынымен толықтырылды.

«Біз ЮНЕСКО-ның басты идеясын – ұрпақтар үшін табиғи-мәдени ескерткіштерді, адамзаттың рухани-адамгершілік мұрасын сақтауды шын жүректен бөлісеміз. Біздің бұл сенімділігімізге өлкеміздің көпғасырлық бай тарихы, Сарыарқаның көп ұлтты мәдениеті үлкен септігін тигізеді. Біз өткенсіз болашақ жоқ екенін түсінеміз. Бұл адал құндылықтары бар бейбіт қоғам құруға көмектеседі», - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Бүкіл Қазақстан үшін маңызды іс-шараны ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Ұлы Тағзым» Қарағанды қоғамдық қоры ұйымдастырды.

2020 жылы «Ұлытау» сапар орталығында «ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы» экспозициялық залы құрылды. Бұл – Қазақстандағы алғашқы экспозиция. Сондай-ақ, Ұлытау ауданының орталығында «Әулие тау» этноауылының құрылысы басталды. Бұл жерде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік тізіміне енген еліміздің барлық номинацияларын көрсету жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар