Ұлытау жері туризмді дамытудың үлкен әлеуетіне ие - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел Презеиденті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында өңірлердегі ахуалды жақсартып, экономикасын дамыту үшін әкімшілік-аумақтық құрылымдарды жетілдіру керек екенін баса айтты. Осылайша жаңадан үш облыс – Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құруды ұсынды. Бұл Мемлекет басшысы айтпақшы, инфрақұрылымды жетілдіруге, халықтың да тұрмыс-тіршілігін жақсартуға мүмкіндік береді. Енді ұлылар дүниеге келген, пайдалы қазбаға бай, киелі өңірлерді қайта жаңғырту үшін аталған аймақтар облыс атауын алмақшы. Ендеше бүгінгі материалымызда Ұлытау облысы болып жаңадан құрылатын өңірдің өзекті мәселелерін қаузаймыз.

Жезқазған өңірінің өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керегін мемлекет басшысы да атап өтті. Жезқазған қаласы облыс болуға қаншалықты дайын? Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай? Облыс атанғаннан кейін күн тәртібіне қандай мәселелер шығуы керек? Өңірге қандай басшылық келуі қажет? Алдағы уақытта қандай кәсіпорындар ашылуы тиіс? Міне, осы секілді сауалдарға жауап алу үшін Жезқазған өңірінің тумасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметовпен сұхбаттасқан едік.

- Арман Төлешұлы, Жезқазған облысы 1997 жылы, яғни осыдан 25 жыл бұрын облыс атауынан айырылды. Енді бұл жерде Ұлытау деп аталатын жаңа облыстың құрылуы осы өңірдің төл перзенті ретінде сізге қалай әсер етті? Жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

- Әрине, мен бұл жаңалықты өте жылы қабылдап, біріншіден, қатты қуандым. Екіншіден, жағымды жаңалыққа менен бұрын менің жерлестерімнің баршасы қатты қуанды деп ойлаймын. Шыны керек, бұл жайт Жезқазған аймағының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Тек Жезқазған ғана емес, одан басқа Балқаш, Ұлытау, Жезді өңірлері үшін де айтарлықтай тарихи оқиға болғалы тұр. Аймақтың экономикалық-әлеуметтік құрылымы тұрғысынан қарайтын болсақ, облысқа әуелі инвесторлардың тартылуы маңызды мәселе екені анық. Себебі көп нәрсе облыстың жаңадан тағайындалатын әкіміне байланысты болады. Оның іскер болуы, өңірдің әлеуметтік мәселелерін жетік білуі керек. Сондай-ақ Президенттің «Жезқазған өңірінде дербес облыс құру – экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да маңызды шешім» деген сөзін ерекше атап өткім келеді. Осыған байланысты тарихи жадты қайта қалпына келтіру, тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды қорғау, дербес саланы қалыптастыру секілді шешімдерді барлық жағынан оң қадам деп санаймын.

- Президент облысты бұрынғы Жезқазған облысының аумағында құру қажет екенін айтты. Тұрғындар да «кезінде Жезқазған облысы Қарағандыға қандай аумақта қосылcа, енді солай бөлінуі керек» дегенді айтады. Одан бөлек қазір әлеуметтік желілерде осы бір бөлініс салдарынан кейбір аудандар облыс орталығынан алыстап кететіні, оның әлеуметтік қиындығы туралы айтылып жатыр. Сіздің ойыңызша, Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысы құрылса, ол қай жерлерді қамтуға тиіс?

-Жаңа облыстың шекарасы экономикалық есептеулерді ескере отырып айқындалуға тиіс деп санаймын. Ел Президенті бұрынғы Жезқазған облысының шекарасын да анықтау туралы тапсырма берді. Менің ойымша, бұл – ең дұрысы. Облыстың территориялық аумағын қамтып, шекарасын бекітер тұста жергілікті тұрғындардың талап-тілегі ескерілуі қажет. Жол мәселесі, жер мәселесі толық қамтылып, халықтың пайдасына жарайтын шешім шығатынына сенемін. Қанша дегенмен соңғы шешім барлық есептеуді ескере отырып қабылданады.

- Сіздің бір жылдары «Қазақмыс» корпорациясында қызмет еткеніңізді білеміз. Осыған байланысты сұрақ қойғым келіп отыр. Қазір «Қазақмыс» корпорацияның бас офисі мен еншілес кәсіпорындарының офистерін Қарағандыда қалдыру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Өңір азаматтары бұған жол беруге болмайтынына меңзейді. Себебі компанияның бас офисі қайда тіркелсе, салық сонда түседі. Ал халық өңір жағдайының төмендеуін корпорацияның аймақтан кетіп қалғанымен байланыстыратын көрінеді. Көптің пікірінше, Жезқазғанның дамуы «Қазақмыс» компаниясымен тікелей байланысты. Себебі экономикаға түсетін кірістің 96 пайызы корпорация өндірісінің үлесінде. Сондықтан олар оны Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласына қайта көшіруді ұсынады. Бұған қатысты пікіріңіз қандай?

- «Қазақмыс» компаниясы Жезқазған аймағының экономикасында елеулі рөл атқарады. Сондықтан компанияның салықты Ұлытау облысында төлеуі – өте маңызды. Бәріміз білетіндей, Жезқазған – Қазақстандағы мыстың отаны. Мұнда аталмыш компанияның өзіндік тарихы басталады. Сонымен қатар оның негізгі активтері мен кен орындары осында орналасқан. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмай, өңірге басқа да инвесторлардың келуіне ықпал етуіміз керек. Сонда жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары құрылады. Салық бұрынғыдан да көбірек түседі. Оның бір пайдасы сол, тұрғындардың әлеуметтік мәселелері тезірек шешілуіне септігін тигізеді. Тағы да айтқым келеді, Жезқазған – пайдалы қазбаларға бай өлке. Одан түскен пайданы ел болып, халық болып көргіміз келсе, ең алдымен, бізде инвесторлар үшін жағдай жасалуы керек.

- Сонымен қатар Жолдауда Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті жайлы да сөз болды. Ұлытау облысының логистикалық мүмкіндігін, өндірістік қуатын қалай тиімді пайдалануға болады? «Ұлытау – қазақтың тарихи орталығы» дегенді іс жүзінде дәлелдейтін күн қашан туады?

-Әрине, сауалыңыз орынды-ақ. Дұрыс айтасыз, Ұлытау – біздің мемлекеттігіміздің бесігі. Бұл жерде ата-бабаларымыздың сан ғасырлық тарихы, шежіресі бар. Сондықтан Ұлытау жері туризмді дамытудың үлкен әлеуетіне ие. Ол үшін өңірде сақталған жазбаша дереккөздерді белсенді зерттеп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қажет. Біздің және шетелдік тарихшыларды зерттеу жұмыстарына тарту керек. Жан-жақты байланыстың болуы үшін де бізге инфрақұрылым жағын реттеген жөн. Сапалы инфрақұрылым болмай, өзге тұрмақ, өзіміздің ішкі туризмді дамыту қиын. Сапалы инфрақұрылым дегеніміз сол сапалы жолдар, қолайлы қонақ үйлер, жақсы байланыс пен қызмет көрсету сервисі ғой. Географиялық жағына Ұлытау облысы Қазақстанның дәл орталығында орналасқан. Бұл өңірге оңтүстік, батыс және солтүстік бағыттағы жолдарға ие болуды талап етеді. Мәселен, Қызылордаға баратын жол оңтүстік Қазақстанды Жезқазған арқылы Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларымен қосуға мүмкіндік береді. Егер осы бағытта іргелі жұмыстар атқарылса, бұл ең қысқа жол болар еді. Оған қоса кәсіпкерлерге Жезқазған арқылы жүк тасымалдау да тиімді болар еді. Арқалық арқылы Қостанайға баратын жол да Ресейге тауар жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша ең маңыздысы Жезқазған мен Қызылордаға тауарларды импорттауға мүмкіндік туады. Сондықтан Жезқазғанда әртүрлі тауарлар сақталатын ірі логистикалық орталықтар болуы керек. Бұл жолдармен Ұлытау облысына біздің туристер де, шетелдік туристер де келе алады. Арнаулы жобаларды дайындап, нақты іске көшсек, туризм біздің облыстың екінші визит картасы бола алады.

-Енді ел арасында «Жезқазған облыс орталығы мәртебесінен айрылған соң әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлаған жоқ, жөнді басшылық болмағандықтан, осындай жағдайға ұшыраған» деген пікірлер де шығып жүр. Жаңадан құрылатын облысқа қандай басшы мен қандай басшылық құрам келуі керек?

-Әрине, көп нәрсе облыс басшысына және оның командасына байланысты болады. Маған салса, өңірдің басшысы ретінде өндірісте басқару тәжірибесі бар, мықты шаруашылық иесі болғанын қалар едім. Жезқазған, Сәтбаев – мұның бәрі моноқалалар. Олардың өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондықтан облыстың бірінші тұлғасы осы қалалардың экономикасын қалай дамыту керегін түсінуі керек. Облыста мал шаруашылығымен айналысудың әлеуеті жоғары, ынталы адамдар да аз емес. Сол себепті ауыл адамдарын қолдауымыз керек. Ең болмағанда қарапайым жем, шөп, одан кейін субсидия жағынан. Егер шаруалар несие қаражатымен қамтамасыз етілсе, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу дамитын болады. Меніңше, жаңадан құрылатын облысқа жас белсенді команда керек.

-Сонымен қоса елімізде жаңадан облыстар ашылса, шенеуніктердің саны да көбейетіні – көптің көкейінде тұрған мәселе. Осы тұрғыдан өңірде басқармаларды аша бермей, жергілікті жердегі құрылымдарды күшейту керек сияқты. Аймақтарды басқару құрылымына қатысты не айтасыз?

-Әрине, сіздің айтып отырғаныңыз – ұйымдастырушылық мәселе. Негізі дамыған, шынайы реформаны жүзеге асыратын елдерде шенеуніктердің саны шектеулі болады. Ең әуелі сапа дұрысталмай, нәтиже болмайды. Заман өзгерді, онымен бірге ойлау жүйесі де жаңарып отыр. Сол үшін де іскер, креативті адамдардың уақыты келді деп ойлаймын. Біз басшыларды олардың бюджет ақшасын қалай игергені үшін емес, өңірдің нақты шешкен проблемалары үшін бағалауымыз керек.

-Сонымен Жезқазған облыс орталығы болуға дайын ба?

-Иә, көптің көкейінде жүрген маңызды сұрақ та осы. Жезқазғандықтардың облыс болуда тәжірибесі бар. Тарихтан мәлім, 1997 жылға дейін Жезқазған облыс орталығы болды. Өңірдің дамуға, өсіп-өркендеуге деген амбициясы мықты. Сондықтан тек талмай еңбек етіп, жұмыс істеуіміз керек.

-Облыстың келешектегі басты бағыты қандай болғанын қалар едіңіз?

-Жоғарыда атап өттім, Жезқазған аймағы минералды ресурстарға өте бай. Сондықтан жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды пайдалану саласында инвесторларды көбірек тартуымыз қажет. Үлкен жер учаскелері де мал өсіруге мүмкіндік береді. Кеңес дәуірінде Жезқазған облысында миллион мал басы бар совхоздар, қожалықтар болған. Өңірдің мал шаруашылығын да басым бағыт ретінде мақсат етіп қоюына мүмкіндік зор. Кейде біздің мал еті Қазақстандағы «ең дәмді ет» шығар деп ойлаймын. Бұл – бірінші. Екінші бағыт – туризм саласы. Бұл туралы ел Президенті де Жолдауда тоқталып, айтып өтті.

-Өңірдің жаңа өндіріс орындарын ашуға әлеуеті жете ме? Алдағы уақытта қандай кәсіпорындар ашылуы мүмкін?

-Ұлытау облысы ел экономикасынан өз орнын табуға тиіс. Біз металл, сонымен қатар ет-сүт өнімдерін ішкі нарыққа да, сыртқы экспортқа да шығара аламыз. Мысалы, қазір Саранда автомобиль зауыты дамып келеді. Ұлытау облысы серіктес болып, пластик, бояу, металл бұйымдарын дайындай алар еді.

Тағы бір өндіріс ошағы ретінде мал басын көбейте отырып, тері өндірісін ашуға болады. Дегенмен қазір бұл мәселе Қазақстанда әлі шешілген жоқ. Өңірде мүмкіндік туса, күн энергетикасы мен шағын авиацияны дамытуға әбден болады. Егер инвесторлар үшін жағдай жасайтын болсақ, ауқымды жобалар саны көп болады. Ең бастысы ел болып, мемлекет болып, жұмылып, ойлануға және уәделерді орындауға кірісу қажет.

- Әңгімеңізге рахмет!

Назерке Сүйіндік


Фото: parlam.kz

Соңғы жаңалықтар