Ұлытау өңіріндегі онкоаурулар себебін анықтау жөніндегі комиссия жұмысын аяқтады

None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Ведомствоаралық комиссия Ұлытау өңірінің Жезқазған аумағында онкология ауруларының себебін зерттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі зерттеу нәтижесін жариялады.

Министрлік биылғы наурызда Ұлытау өңірінің Жезқазған қаласында Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсерінен онкология ауруларының арту себебін зерделеу үшін ведомствоаралық комиссия құрған болатын.

Экология және табиғи ресурстар, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің аумақтық бөлімшелері сауда объектілерінде өндірілетін тамақ өнімдерінен, жерүсті суларынан, топырақтан, атмосфералық ауадан сынама алған.

«Оның қорытындысы бойынша Жезқазған-Ұлытау өңірінің аумағында радиациялық фонның асуы және атмосфералық ауаның ластануы тіркелген жоқ. Онымен қоса, улы элементтер (кадмий, қорғасын, мышьяк) мен гептилдің шамадан тыс көрсеткіштері анықталған жоқ», - делінген Экология министрлігінің ақпаратында.

Дегенмен, ведомстводан мәлім еткендей, Ұлытау облысының Жезқазған-Ұлытау аумағында онкология ауруларының туындау себебін, соның ішінде Байқоңыр ғарыш айлағының әсерін анықтау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын тереңірек жүргізуді қажет.

«Сондай-ақ Ұлытау облысы әкімдігінің 2022 жылғы 21 қазандағы №28/02 Қаулысымен аумақты (акваторияны) зерделеу бойынша комиссия құрылды, аумақты төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық апат аймағы деп жариялау болжануда», - делінген министрлік хабарламасында.

Биылғы 16 қаңтарда Мәжілісте Ұлытау облысының Жезқазған-Ұлытау аумағында Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсерінен онкоаурулардың көбеюін зерделеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткен болатын.

«Отырыс қорытындысы бойынша екі комиссияны Төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық апат аймағы деп жариялау болжанатын аумақты (акваторияны) зерделеу жөніндегі комиссия шеңберінде біріктіру шешімі қабылданды.

Онкологиялық аурулардың өсу себептерін зерделеу жөніндегі комиссия жұмысының мәні Техникалық тапсырмада интеграцияланғанын ескере отырып, Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсері тұрғысынан Ұлытау облысының Жезқазған-Ұлытау аумағына онкологиялық аурулардың себептерін зерттеу жөніндегі комиссияның жұмысы аяқталды.

Бүгінгі күні Ұлытау облысының әкімдігі ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге конкурс өткізді. Конкурс нәтижесіне сәйкес «Экосервис-С» ЖСШ жеңімпаз ретінде анықталды», - делінген Экология министрлігінің ақпаратында.


Соңғы жаңалықтар