Ұлытау өңірі туристерді қабылдауға дайын

None
None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Ұлытау ауданында жайлы қонақ үйі бар Сапар-орталықтың құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапар-орталықта келушілер қызметтердің толық спектрін, соның ішінде ауданның көрікті жерлері туралы ақпаратты ала алады және негізгі туристік бағыттарға экскурсиялық маршрутты таңдау мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ туристер қажылық турларына жазыла алады.

Ұлытау ауданы Қарағанды облысындағы танымал туристік бағыттардың біріне айналуда. Туристер арасында анағұрлым танымал бағыттар – Жошы хан және Алаша хан кесенелері, Бесқамыр, Аяққамыр ежелгі қалашықтары, тау суреттері бар Теректі-Әулие үңгірлері, Әулиетау тауы, тарихи және мәдени ескерткіштер және тағы басқасы.

Қарағанды облысындағы осы және өзге де демалыс орындары жайлы өңірдің Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтып берді.

«Ұлытау ауданында келесідей негізгі туристік бағыттар жұмыс істейді: Ұлытау, Жезқазған – Ұлытау (Әулиетау), Жошы – «Теректі әулие« кешені, Жезқазған – Қорғасын.

Биыл Ұлытауда «Жошы хан« тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталуда, онда келушілердің демалуына арналған бөлмелер қарастырылған. Ол қасиетті Ұлытау ауданына келетін туристерді тартатын орынға айналады деп жоспарланған», – деп атап өтті Татьяна Аблаева.

Сондай-ақ, кешенде жеңіл және қоғамдық көліктерге арналған автотұрақтар, шайханалар мен дәмханалар, шолу алаңдары, туристерді қабылдауға арналған киіз үйлер, субұрқақ, Жошы хан резиденциясы және мүсіндік композиция, экспозициялық зал және басқалары қарастырылған.

«Ұлытау өңірінде келушілерді орналастыратын 11 орын жұмыс істейді. Бұл - 6 қонақүй, 2 этноауыл және меймандарға арналған 3 үй. Ауданда Республикалық маңызы бар «Ұлытау« мұражай-қорығы және Жезді кентінде тау-кен және мыс балқыту ісінің тарихын дәріптейтін мұражай жұмыс істейді», - деді Татьяна Аблаева.

Аймақтағы ең танымал туристік бағыттардың бірі – Балқаш көлінің жағалауы.

«Балқаш курорттық аймағы Балқаш және Приозерск қалаларының, сондай-ақ Ақтоғай ауданының жеріне созылған. Атап айтқанда, Тораңғалық және Шұбар-Түбек кенттерінің аумағын қамтиды. Балқаш жағалауында әртүрлі санаттағы көптеген демалыс базалары орналасқан. Онда 58 демалыс үйі, сондай-ақ 100-ге жуық қонақ үй бар. Сонымен қатар, Солтүстік Балқаш маңы аумағында көркем Бектау-ата шатқалы орналасқан», – деп атап өтті басқарма басшысы.

Қарқаралы ауданының кереметтері мен танымал турмаршруттар туралы брифинг барысында мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туризм бөлімінің басшысы Қанат Жарықов айтып берді.

«Қазіргі уақытта ұлттық парк аумағында 11 ресми туристік маршрут жұмыс істейді, олардың жетеуі ең танымалдары – Шайтанкөл көлі және Бассейн, алғашқы адамдардың тұрағы – Үш үңгір және Үлкен палата, Кент тауларының аумағында орналасқан буддалық ғибадатхана, сақ дәуіріндегі Алтын адамның жерленген мекені, Комиссаровка шатқалындағы орманшының үйі. Олар тарихи ескерткіштер болып табылады және мемлекет қорғауында», – деп атап өтті спикер.

Қарқаралы ұлттық табиғи паркі келушілер үшін ашық және туристерге гид-экскурсоводтарды ұсынуға дайын.


Соңғы жаңалықтар