Ұлытау облысының кейбір бөлігі экологиялық апат аймағы ретінде белгіленбек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлытау облысының кейбір бөлігі экологиялық апат аймағы деп жарияланауы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мессенджерлерде жалақыға үстемеақы және қосымша демалыс берілетіні туралы аудио хабарлама тарап жатыр. Осы орайда Ұлытау облысы әкімдігінің 2022 жылғы 21 қазандағы №28/02 қаулысымен аумақты (акваторияны) зерттеу жөніндегі Комиссия құрылғанын ескертеміз. Бұл ретте, өңірдің кейбір бөлігін экологиялық апат аймағы деп жариялау ескерілген. Комиссия мүшелері аймақты толық зерттеу керек екені жайында бірнеше отырыс ұйымдастырды. Нәтижесінде ғылыми-зерттеу институттарын жұмысқа тарту туралы шешім қабылданды», - делінген Ұлытау облысы әкімдігінің Telegram каналында.

Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу порталында тиісті зерттеулерге конкурс жарияланды. Бұл бағыттағы жұмыс 1,5-2 жылға созылады. Зерттеу жүргізіліп, сарапшылардың қорытындысы шықаннан кейін, нәтижелер ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына жіберіледі.

«Аталған министрліктердің рұқсатымен және ҚР Үкіметінің Қаулысы негізінде Жезқазған қаласы, Сәтбаев және Ұлытау облысының Ұлытау ауданының бір бөлігі экологиялық апат аймағы болып жариялануы мүмкін. Содан кейін ғана тиісті төлемдер және әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылады», - деп аталып өткен әкімдік хабарламасында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр аймақ басшысы Берік Әдіғалиұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Ұлытау өңірінде бірінші кезекте қолға алынатын негізгі шаруаларды атады. Осы орайда Ұлытау облысының тұрғындарына экологиялық өтемақы төлеу мәселесі зерттеледі.


Соңғы жаңалықтар