Ұлытау облысының елтаңбасы бекітілді

None
None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Былтыр жаңадан құрылған Ұлытау облысының елтаңбасы бекітілді. Бұл туралы өңір әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірдің басты рәмізіне қатысты республикамыздың түпкір-түкпірінен 130-ға жуық ұсыныс түсті. Барлық эскиздер 2022 жылғы 12-18 желтоқсан аралығында арнайы ұйымдастырылған көрме аясында Жезқазған тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Ұлытау облысының елтаңбасын таңдауға өңірдің барлық тұрғындары Instagram парақшасында танымал «Это Жез» парақшасында дауыс беру арқылы қатысуға мүмкіндік алды. Онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп дауыс жинаған №15 нұсқа болып айқындалды», - делінген Ұлытау облыстық әкімдігінің Instagram парақшасында жарияланған хабарламада.

Бекітілген облыс елтаңбасының авторы - ұлытаулық дизайнер, Еуразиялық дизайнерлер Одағының мүшесі Шахибаден Сейіткенов.

«Ұлытау облысының елтаңбасы қоңыр және көк түстерді пайдалана отырып жасалған. Елтаңбаның ортасында Ұлытау тауларын еске түсіретін сурет орналастырылған. Таулардың бейнесі бостандықтың, болашаққа апаратын жол, рухани өрлеудің символы ретінде бейнеленген. Төменгі жағында орналасқан «ŪLYTAU» жазуы таңбалы тас петроглифтері стилінде жасалған. Бұл өз кезегінде өлкенің бай тарихын, халықтың бірлігі мен тұтастығының ғасырлар бойғы дәстүрлерін бейнелейді», - деп мәлім етті облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Елтаңбаның эталонын құрамына аймақтағы танымал ғалымдар мен суретшілер, тарихшылар және құрметті ардагерлер енген арнайы комиссия бекіткен.


Соңғы жаңалықтар