Ұлытау облысының әкімі өңірде мал шаруашылығын дамыту мүмкіндігін айтты

Фото: None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Ұлытау облысында ет өңдеуге арналған ауқымды кәсіпорын салынады. Бұл туралы аймақ әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығын дамытуда кедергі келтіріп отырған мәселе ет фабрикасының болмауына қатысты болып отыр. Біздің өңірдегі аудандарда мал баршылық. Осы орайда малдың басым бөлігін оңтүстік өңірлерге әкетіп жатыр. Яғни осы тасымалданып жатқан мал басы оңтүстікте бордақыланып, етке өткізіледі. Бізге осының барлығын облыс аумағында ұйымдастыру керек», - деді Б. Әбдіғалиұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, өңірде ауқымды ет комбинаты құрылатын болады. Сондықтан инвестормен келіссөз жүргізіліп жатыр.

«Қазір индустрия аймағы айқындалып жатыр. Сол жерге инженерлік желілерді тартып қоймақпыз. Алдағы жылы аталған нысанның құрылысын бастаймыз деген жоспар бар. Алдын ала есептеу бойынша 7 млрд теңге қаражат керек болып тұр. Оның ішінде кем дегенде 3 мың бас малды бордақылау алаңы болады. Етті өңдеу, консервілеу, шұжық өнімдерін шығару кәсіпорындары жасақталмақ. Бұл өнімді сыртқа шығару мүмкіндігі де қарастырылған», - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, өңірде жылқының, ірі қара мал басының саны көбейіп келеді. Алайда, қой санының азайғаны байқалып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысы бюджетінің бекітілуіне орай, өңірдегі маңызды нысандардың құрылысы жүргізілетінін айтты.


Соңғы жаңалықтар