
Ұлытау облысында жол апатынан үш адам көз жұмды
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - «Қарағанды-Жезқазған» трассасында екі көлік соқтығысып, салдарынан үш адам көз жұмды. Көліктердің бірінде болған үш жолаушы ауруханаға жеткізілді. Оның екеуі - бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайғылы оқиға 6 шілде сағат 17.00 шамасында «Қарағанды-Жезқазған» тасжолында болған.
54 жастағы «Мерседес Бенц» автокөлігінің жүргізушісі Қарағанды қаласынан Жезқазған жаққа бағыт алып бара жатып Ақой ауылына 5 шақырым жетпей, жол жүру қауіпсіздігіне көз жеткізбей 48 жастағы жүргізуші тізгіндеген «Шевроле Кобальт» автокөлігіне соғылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі автокөліктің жүргізушілері және «Мерседес Бенс» автокөлігінің 54 жастағы жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды.
«Шевроле Кобальт» автокөлігінің 44 жастағы жолаушысы (жүргізушінің әйелі) және олардың 18 және 7 жастағы балалары медициналық мекемеге жеткізілді.
«Факт полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.