Ұлытау облысында мұнай саласына қатысты жобалар әзірленіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ел Президентіне не жайында баяндағанын айтты, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысына осы екі айда атқарылған жұмысты таныстырып өттім. Соның ішінде біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлытау облысының 5 жылдық даму жоспарын жасадық. Соның негізгі бағыттарымен, жобаларымен таныстырдым. Ең бастысы, әрине, бұл Ұлытау облысындағы ең өзекті мәселе – жол. Ол: Қызылорда-Жезқазған, Жезқазған-Қарағанды жолдары. Болашақта Ұлытау-Арқалық жолы да маңызды», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол Президентке Жезқазғанға сапалы ауыз су тарту, кәріз жүйесін жөндеу бағытында Үкіметпен бірге жұмыс істе жатқандары турал есеп бергенін айтты.

«Кешенді жоспарда әлеуметтік саланы дамытуға, оның ішінде Жезқазған қаласында үлкен перзентхана салу жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бүкіл елді мекенде спорт кешендері мен фельдшерлік пункттер салу көзделген. 11 мектепті алдағы 5 жылда салу жоспарда бар. Мұнан бөлек, алдымызда тұрған ең үлкен міндеттің бірі – өңірге инвестиция тарту. Оның ішінде жеке және мемлекеттік инвестиция бар. Өйткені, үлкен кәсіпорындар ашу жоспарымыз тұр. Басым бағыттарымыздың бірі - ауыл шаруашылығын дамыту. Сонымен қатар мұнай саласында жобалар дайындап жатырмыз. Үкімет те мақұлдады. Мемлекет басшысы қолдау көрсетті. Үкіметке халық көтеріп жүрген күрделі мәселелерді уақытымен, ретімен шешуге тапсырма берілді», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын қабылдады.



Соңғы жаңалықтар