Ұлытау облысында екі қыз белгісіз жағдайда суға батып кетті
2022 жылғы 22 маусым 11:24

Ұлытау облысында екі қыз белгісіз жағдайда суға батып кетті

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - Ұлытау облысында суға батып кеткен екі қыздың денесі табылды. Қазір полиция балалардың өлімінің мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жасөспірімдердің денесі Ұлытау облысы, Ақтау ауылынан жиырма шақырым жердегі су қоймасынан табылды. Қазіргі уақытта балалар өз ауылынан қалай алыс кеткені анықталуда.

Мектеп оқушыларының жасы – 10 және 12. Екеуінің де үстінде киімі болған. Бірінші қыздың денесін балықшы, екіншісін құтқарушылар тапқан.

«20 маусым күні Жаңаарқа ауданындағы Ақтау ауылынан 20 шақырым жердегі су айдынына 2009 және 2012 жылы туған екі бала батып кетті. Қыздардың денесін судан ТЖД құтқарушылары мен куәгерлер алып шықты», - деп хабарлады Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Ауыл тұрғындарында бұл оқиғаға қатысты сұрақ көп. Себебі тоған жағалауы тегіс, жартастар жоқ. Ең терең жердегі су деңгейі екі метрден аспайды.

Қазір жасөспірімдердің өлімін тергеумен полиция айналысып жатыр.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT