Ұлытау облысында бір ауылдың тұрғындары түгел ішімдіктен бас бартты

None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғындары алкогольді сусындардан бас тартқан. «Ащы судан» арылғалы ауылда бір де бір рет қылмыс пен тәртіп бұзу фактілері тіркелмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай шешімді Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғындары өз еркімен қабылдаған, ешкім мәжбүрлемеген. Бастамашы – ауыл жастары.

Алдымен «ащы су» дастарханнан кетсе, соңыра дүкен сөрелерінен де мүлдем жоғалған.

Жергілікті кәсіпкерлер алкоголь өнімдерін сатуды және жеткізуді тоқтатқан. Ол үшін ауылдастарынан шексіз алғыс алып, құрметке ие болып отыр.

«Біздің жастар өте белсенді. Бәріміз алкоголь сусындарын ішуге қарсымыз. Спирттік ішімдіктен бас тартудың нәтижесінде ауылымызда тыныштық орнады», - дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Ауыл тұрғындарының денсаулығынан басқа, алкогольден бас тарту тәртіп орнау көрсеткіштерін жақсартуға ықпал еткен.

Соңғы үш жылда бір де бір құқықбұзушылық тіркелмеген.

«Біздің ауылдық округтің құрамына 3 елді мекен кіреді. Онда 1000-ға жуық адам тұрады. Осы жылдар ішінде ауыл тұрғындары спирттік сусындардан бас тартқаннан бері бірде-бір құқық бұзушылық болған жоқ. Біздің жастар мал шаруашылығымен айналысады және тынымсыз еңбек етеді», - дейді Сәкен ауылының учаскелік инспекторы Сәкен Картаев.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жергілікті халықтың ешқайсысы есігін құлыптамайды екен, өйткені ұрлық жоқ.

Жастар спортпен немесе ауыл шаруашылығын дамытумен айналысады.

Мал шаруашылығының қарқынды өсіп жатқанына шағын ауылда жұмыс істейтін 85 шаруа қожалығы дәлел.


Соңғы жаңалықтар