Ұлытау облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары қалай іске асып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкіметте Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған кешенді жоспардың іске асу барысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-Министрге бірқатар мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды, атап айтқанда:

- Сәтбаев қаласындағы жылу жүйелерін жөндеу;

- облыс орталығындағы жылу электр орталығының қазандықтарын жаңарту;

- Жезқазған – Қызылорда және Жезқазған – Қарағанды автомобиль жолдарын, сондай-ақ Үйтас-Айдос су құбырын күрделі жөндеу;

- Есқұла су құбыры құрылысын аяқтау;

- Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын қайта жабдықтау және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы.

Сондай-ақ, кеңесте Жезқазған мыс қорыту зауытын жаңғырту жобаларын жүзеге асыру барысы, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беру және жалпы кәсіпкерлерді қолдау мәселелері қаралды.


Бұдан бөлек, өңірде жайлы мектептер, перинаталдық және онкологиялық орталықтар, сондай-ақ бірқатар спорт нысандарын салу мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов Ұлытау облысының әкімдігі 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарында көзделген іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Осы ретте ол инфрақұрылымдық жобалардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді және автожолдарды күрделі жөндеу жұмыстарын жеделдету қажеттігін айтты.

«Бүгінгі талқылауды ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдар мен Ұлытау облысының әкімдігі жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берілген барлық тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс», - деп түйіндеді Премьер-Министр.



Соңғы жаңалықтар