Ұлытау облысынан Алматыға жүрдек пойыз қатынай бастады

None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Жезқазған мен Алматы қалаларының арасында жүрдек пойыз қатынай бастады. Соның арқасында жезқазғандықтар оңтүстік астанаға енді 7 сағатқа тезірек жете алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін мыс шаһарынан «Жезқазған-Алматы» бағыты бойынша «Тальго» жүрдек пойызының алғашқы рейсі жолға шықты. Жол жүру уақыты 27 сағаттан 19-ға азайды.

Қала басшыларының айтуынша, Алматыға пойыз бұған дейін де қатынаған. Алайда рейс біраз уақытқа тоқтатылған. Бүгін ол жаңа құраммен және ыңғайлы жайдайды қамтамасыз ете отырып қайта жанданды.

«Туристік салада Ұлытау облысы үлкен қалалармен логистика бойынша үлкен әлеуетке ие. Бұған бүгінгі «Жезқазған-Алматы» бағытының ашылуы дәлел. Өздеріңіз білетіндей, біз әуе рейстерінің санын да көбейтіп жатырмыз. Осының барлығы Ұлытау облысына республикамыздың үлкен қалаларынан қонақтардың келуіне ықпал етеді», - дейді Ұлытау облысы әкімінің бірінші орынбасары Аман Барикенов.

«Алматы-Жезқазған» жүрдек пойызы 22 вагоннан тұрады. Билет бағасы 9500 теңгеден басталады. 15 мың теңгеге люкстен орын сатып алуға болады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы жабдықталған купе бар. Мүгедектікті растайтын куәлікті көрсеткен жағдайда билет 90 пайыздық жеңілдікпен сатылады.

Кестеге сәйкес жүрдек пойыз Алматыдан тақ күндері, Жезқазғаннан жұп күндері жөнелтіледі. Ұлытау облысындағы Қызылжар, Жаңаарқа және Жезқазған теміржол станцияларында аялдамалар жасалады деп болжанып отыр. «Жолаушылар тасымалы» компаниясы осы айдың соңына дейін Жезқазғаннан тағы бір жүрдек пойызды іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жолы Нұр-Сұлтан қаласына.


Соңғы жаңалықтар