Ұлытау ауданында әкімдік ғимаратында білім алып келген оқушылар жаңа мектепке көшті

None
None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Ұлытау ауданына қарасты Алғабас ауылдық округінде жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алғабас елдімекеніндегі №14 орта мектеп осыдан бес жыл бұрын отқа оранған. Салдарынан мектеп оқушылары бес жыл бойы әкімдік ғимаратында оқуға мәжбүр болды. Ал жаңа мектептің құрылысы қаржы тапшылығынан тұралап қалған еді. Осылайша, араға жылдар салып, аудан қазынасынан бөлінген 364 миллион теңге қаражаттың арқасында құрылыстың бойына қан жүгіріп, жақында жаңа мектеп пайдалануға берілді.


Мектептің ашылу салтанатына Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Аманкелді Жүнісов арнайы келіп, білім ордасының лентасын қиды. Сондай-ақ тарих, география, технология пәндері сыныптарын жабдықтау үшін облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің атынан 3 миллион теңгені құрайтын бас аяғы 6 миллион теңгелік қос сертификат табысталды.


Аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлы да алғабастықтарды мектептің ашылуымен құттықтап, аудан әкімдігінің атынан информатика пәні сыныбын жасақтау үшін 4 миллион теңгенің сертификатын берді. Сонымен қатар аудан әкімі мектепте мұғалімдер тапшылығы болмайтындығын, жас мамандарды ауылдарға шақыру мақсатында түрлі жағдайлар қарастырылатындығын жеткізді.

Айта кетейік, Алғабастағы №14 орта мектепте қазіргі таңда 75 оқушы тәлім алады. Заманауй үлгіде бой көтерген 80 орындық білім ошағын жабдықтауға жергілікті азаматтар да демеушілік жасаған.


Автор: Еркеназ Шоқан


Соңғы жаңалықтар