Ұлыстың ұлы перзенті: Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы туралы жаңа жинақ шықты

None
Фото: Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің баспасөз қызметі
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда қазақтан шыққан тұңғыш геолог ғалым Оразмағамбет Тұрмағамбетұлының 140 жылдығына орай конференция өтіп, жаңа жинақтың тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақтың тұңғыш геолог ғалымы, ағартушы ұстаз, қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының белді мүшесі, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Оразмағамбет Тұрмағамбетұлының 140 жылдығына орай Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде оқу аудиториясы ашылып, халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Танымдық шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев, университет президенті Берік Ахметов, Оразмағамбет ахунның Иранда тұратын ұрпақтары мен туыстары, оның мұраларын зерттеген тарихшылар мен қаламгерлер қатысты.


Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы туралы көптеген естеліктер жазылған. Соның бірі – Ө. Озғанбай мен Т. Шәдіқұл құрастырған «Оразмағанбет» топтамасы және белгілі ғалым, діни қайраткер туралы О. Көшбайұлының «Дала данасы» кітабы болатын. Аталған конференцияда «Ұлыстың ұлы перзенті» атты тағы бір жаңа жинақтың тұсаукесері өтті.

Сондай-ақ, конференция аясында Yessenov University-дің даму жəне зерттеу жөніндегі вице-президенті А. Сейдалиев, ғылым және зерттеу басқармасының басшысы С. Сырлыбекқызы, «Экология және геология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қ. Қожахмет, «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі А. Отарова «Оразмағанбет Тұрмағанбетұлына 140 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.



Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы 1882 жылы Маңғыстаудың Қызылсу деген жерінде дүниеге келген. Әкесі өз заманында Орта Азияға белгілі діни қайраткер болған. Оразмағанбет – сол кездегі қазақтардан шыққан кен саласындағы алғашқы ғалым. Қазақ балаларының сауаттануына еңбек етіп, Қызылсу ауылында мектеп-медресе салдырған.

Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы қазақтың белгілі зиялылары Б. Қаратаев, А. Байтұрсынұлымен тікелей байланыста болған. Ресей ғалымдары М. Баярунас, И. Лупповпен бірге Маңғыстаудағы Қарабұғаз аймағында басталған геологиялық-зерттеу жұмыстарына қатысқан. Сондай-ақ, Уфа мұнай базасында, Небит-Даг мұнай кәсіпшілігінде, Красноводск портында шетелдік мамандармен бірлесе қызметтер атқарады. Аса дарынды тұлға жер құрылысы, қазба байлығы, ауа райы, өсімдігі, шығыс медицинасы, халық емшілігі сияқты ғылымдарға ерекше назар аударады.

Орыс, түрік, ағылшын, парсы, араб, үнді тілдерін жетік меңгерген ғалым туған жерінің қазба байлығының игілігін елі көрсе екен деп армандаған. Бірақ, аумалы-төкпелі заманда қудалауға түсіп, туған жерден амалсыз айрылып, Иранды паналайды. Соңында сол жерден ұсталып, Түрікменстанда 1939 жылы ату жазасына кесіледі. Кей деректерде «Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы 1942 жылы 30 қазанда 61 жасында қайтыс болды» делінген. Оразмағамбеттің Мұхаммед, Шарғи, Панар, Жазила, Қазина деген балалары болған, олардан тараған ұрпақтар қазіргі таңда Иранда тұрады.
Соңғы жаңалықтар