Ұлылар дастарханы: TIKA агенттігі қазақстандықтарға мыңнан астам азық-түлік қорабын таратты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Нұр-Сұлтандағы өкілдігі Рамазан айы құрметіне мыңнан астам азық-түлік қораптарын таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік жыл сайын Рамазан айында бүкіл әлемдегі мұқтаж жандарға көмек көрсетуді дәстүр еткен. Биыл да қайырымдылық пен қамқорлыққа толы айда TIKA және Түркия Республикасы атынан 87 елдегі жүздеген мың адамға көмек көрсетіледі.

«Біздің атажұртымыз Түркістаннан Қожа Ахмет Яссауи жаққан алау бүкіл Анадолы жеріне қалай жарық берсе, оның ойлары мен ілімдерінен әсерленген сопыларымыздың арқасында (Қажы Бекташ Вели, Ахи Евран, Мәулана Желаледдин-и Руми, Юнус Эмре) Анадолы ғылым мен білімге сусындаған болса, Түркияның Мәдениет және Туризм Министрлігі, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) «Эренлер софрасы» (Ұлылар дастарханы) атауымен қазақстандық бауырларға дастархан жаяды. Барша қазақстандық бауырларға Рамазан айы құтты болсын дей отыра, оразалары мен жасаған барлық ғибадаттарын Алла Тағала қабыл етсін деп дұға етеміз», - деді TIKA-ның Қазақстандағы үйлестірушісі Исмаил Гүрлек тілшілерге берген сұхбатында.

Спикердің айтуынша, Түркия президенті тарапынан жасалған ереже-жоспарларға сәйкес 2021 жыл «Юнус Эмре және түрік тілі жылы» және «Қажы Бекташ Вели жылы» деп жарияланды.

«Шарамыз неліктен «Эренлер софрасы» (Ұлылар дастарханы) деп аталады? Біздің Анадолы ғұламаларын Түркия және еліміздің шекарасынан асатын мәдени сәулетшілер десек те болады. Бүгінде Түркия біздің ата-бабамыздан, ұлыларымыздан және терең тарихымыздан мұра болып қалған қайырымдылық пен бөлісу мәдениетінің көрінісі ретінде тіл, дін және нәсілдік бөлінулерге қарамастан әлемнің көптеген елдерінде көмек көрсетуді жалғастыруда. Біз «Erenler Sofrası» атты Рамазан бағдарламасымен бүкіл әлемге түрік халқының жүрегінен бейбітшілік пен бауырластық ұғымын жеткіздік. Бұл ұғымдарды Юнус Эмре, Қажы Бекташ Вели және Ахи Евранның ешқашан өзектілігін жоғалтпаған сөздерін қолдану арқылы жеткізе алдық деген ойдамыз», - дейді И. Гүрлек.

Агенттік жалпы саны 1200 қорап әзірлеген. Оның 350-і Нұр-Сұлтан қаласында таратылса, 700 қорап –Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жатақханаларындағы студенттерге, қалған 150 қорап Шымкент пен оның айналасындағы аудандарға таратылады.

«Мұндағы қорапқа ең алдымен балаларға арналған тәттілер салдық. Содан кейін 5 келі ұн, 5 келі күріш, 5 келі шекер, 5 келі макарон, тұз, сұйық май, томат сынды бір отбасына бір айға жетерліктей негізгі азық-түлік салынды. Бір қораптың құны шамамен 35 долларды құрайды. Мұқтаж отбасылардың тізімі әкімдіктерден алынды және қызметкерлеріміз әр қорапты өз қолымен әзірледі және өздері үйме-үй таратып шығады. Одан бөлек, Рамазан айында жетім қалған балаларға да шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», - деді TIKA-ның Қазақстандағы үйлестірушісі Исмаил Гүрлек.


Соңғы жаңалықтар