+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

Ұлықтаудан бергі бір жыл: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі шешімдері

2020 жылғы 12 маусым 15:33
Бөлісіңіз:
Ұлықтаудан бергі бір жыл: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі шешімдері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Президенті міндетіне 2019 жылдың 20 наурызында кірісіп, 9 маусымда кезектен тыс президенттік сайлау өткен еді. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70 пайыздан астам дауысын иемденіп, жеңіске жетті. 12 маусымдағы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент өзінің саяси платформасы – Қазақстан азаматтарының басты сауалдарына жауап екенін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар
Президент Ливанға әскери медицина қызметкерлерін жөнелту мәселесін пысықтауды тапсырды Қорғаныс министрі Президентке Қарулы күштердің құрылысы және дамуы тұжырымдамасын әзірлеу туралы баяндады Президентке «Самұрық-Қазынаның» пандемиямен күрес кезіндегі қызметі жайында баяндалды

«Мен ең алдымен, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы, Бес институционалдық реформасы мен мемлекеттің өзге де стратегиялық маңызы бар құжаттарын жүзеге асыру үшін жұмыс жүргіземін. Басқаша айтқанда, Елбасының Стратегиясын іске асыру үшін еңбек етемін. Тұрақты дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа амал-әдістер мен жаңа шешімдер керек».

Қасым-Жомарт Тоқаев

ҚР Президенті өткір әлеуметтік мәселелерді шешумен, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдап, іскерлік белсенділікті ынталандырумен, кең ауқымды орта тапты қалыптастырумен, қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қорғаумен айналысатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы өзінің басты міндеті - әрқашан және барлық жерде Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау екенін атап өтті.

Өткен жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қ.Тоқаев үш онжылдық ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен біздің еліміз әлемдегі тұрақты және беделді мемлекетке айналғанын атап өтті. Енді Қазақстанға Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеуге, елді дамытудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға мүмкіндік туып отыр.

«Мен уәде еткен саяси трансформация біздің мемлекетіміз бен халқымыздың мүдделерін ескере отырып, кезең-кезеңімен әрі бұлжымай жүзеге асырылады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, шұғыл, жүйесіз саяси либерализация ішкі саяси жағдайды тұрақсыздандыруға, тіпті мемлекеттілікті жоғалтуға әкеп тірейді.

Сондықтан біз саяси реформаларды «алға асығып жүгірмей», бірақ дәйекті, табандылықпен және оймен жүргізетін боламыз. Біздің негізгі ұстанымымыз: елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, сәтті экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін емес».

Қасым-Жомарт Тоқаев

ҚР Президенті қазақстандықтардың ортақ міндеті - азаматтардың конструктивті сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру екенін, билік пен қоғамның тұрақты диалогы жолымен ғана қазіргі геосаясаттың контексіне қарай үйлесімді мемлекет құруға болатынын жариялады. Ол үшін азаматтық қоғамды қолдап, нығайтып, оны мемлекетке ортақ ең маңызды талқыға тарту қажет. Дәл осы мақсатта ротациялық қағидатпен жұмыс істейтін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда заңнаманы ізгілендіру жұмысына маңыз беріліп, азаматтардың негізгі құқықтары сырт қалғанын атап өтті. Сол себепті елде әлі де көптеген ауыр қылмыстар тіркелуде.

Сондықтан ауыр қылмыстардың кей түрлері үшін жауапкершілікті заңнамалық түрде күшейту туралы тапсырма берілді.

«Егер бейбіт жиналыстар заңды бұзып, азаматтардың тыныштығын кетірмейтін болса, олардың үніне құлақ асып, бекітілген заңды тәртіпте оны өткізуге рұқсат беру керек. Арнайы орын бөлінуі тиіс. Алайда бұл орын – қала сырты болып кетпеуі қажет».

Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан қоғамының жоғары құндылығы тұрақтылық пен келісім екенін мойындай отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі саяси сөздікке «баламалық» пен «плюрализм» түсініктерін енгізді.

2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысының Арыс қаласында әскери базалардағы оқ-дәрілер жарылды. Дәл сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ұшып, онда эвакуацияланған азаматтармен кездесті. Мемлекет басшысы тұрғындарды шаһар қалпына келтірілетініне, Үкімет барлық жұмыстарға қаражат бөлетініне сендірді.

«Дәл осы режимде жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға, ең бастысы - тұрғындарға көмектесу міндеті тапсырылды. Қазір ең бірінші орында адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігі тұруы керек. Екіншісі - көмек көрсету. Бүкіл Қазақстан Арысқа көмектеседі, арнайы қор ашылады. Қала жұртшылығына, ардагерлерге алғыс айтамын. Олар халықпен жұмыс істеп жатыр. Жарылыстың себептерін, оқиғаның не үшін болғанын анықтауымыз керек. Қылмыстық іс ашылып, тергеу басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңның бүкіл қатал баптарымен жауапқа тартылады. Келешекте Арыс жарылғыш құрылғылардың бәрінен таза қалаға айналуы керек».

Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің тапсырмасымен Арыс қаласындағы қоймалардан оқ-дәрілер шығарылып, 1 тамызға дейін қаладағы барлық бұзылған ғимарат жөнделіп, қалпына келтірілді. Үкіметтік комиссияның бақылауымен жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары сапалы әрі уақтылы орындалды. Арыста 7 634 ғимарат бүлініп, оның 500-ге жуығы толық жарамсыз болып қираған. Олар қайта салынды. Қаланы қалпына келтіруге 56 миллиард теңге жұмсалса, оның ішінде барлық 45 мың тұрғынға өтемақы ретінде 100 000 теңге, сондай-ақ шағын және орта бизнестің 472 субъектісіне 10 миллион теңгеге дейінгі жеңілдетілген несиелер берілді.

2019 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар құру, инвестициялар тарту, экспортты дамыту және алға жылжыту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл Заң арқылы көп балалы отбасындағы әр балаға төленетін жәрдемақыны айына 21 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік туды. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға 42 мыңнан 74 мың теңгеге дейін жеке жәрдемақы енгізілді. Ал Президент осы жылдың 13 мамырында қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы сегіз немесе одан да көп балаға төрт АЕК мөлшерінде немесе одан кейінгі әр балаға 10604 теңге мөлшерінде жәрдемақы белгілейді. Жәрдемақының мөлшері 84 мың теңгені құрайды. 10 балаға - 106 мың теңге берілсе, одан кейінгі әр балаға жәрдемақы төрт АЕК мөлшерінде артып отырады.


«Жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын арттырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау шараларын күшейтуді тапсырдым».

Қасым-Жомарт Тоқаев

2019 жылғы 30 желтоқсанда Президент Қ.Тоқаев «Педагогтар мәртебесі туралы» Заңға және оқытушы мәртебесі, студенттер мен оқытушыларға жүктемені азайту туралы тиісті өзгерістерге қол қойды. Жаңа заң арқылы жалақыны кезең-кезеңімен арттыруды қарастырды. Айлық 2020 жылдың қаңтарынан бастап орташа есеппен 25%-ға өсті. Заң нормативті оқу жүктемесін 18-ден 16 сағатқа дейін төмендетеді. 2024 жылға дейін бұл заңды жүзеге асыруға 5,4 трлн теңге жұмсалады.


«Біз бюджет қызметкерлерінің жалақысын біртіндеп көтеріп жатырмыз. Бұл педагогикалық қауымдастыққа, дәрігерлерге және мәдениет саласының мамандарына қатысты. Мәселен, келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өседі, ал 4 жылдан кейін олардың жалақысы екі есе артады. Мемлекет әрдайым көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасайтын болады. Біз мемлекетіміздің әлеуметтік екенін ешқашан ұмытпаймыз».

Қасым-Жомарт Тоқаев

2019 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы арқылы берілген тапсырмасы негізінде Президенттік жастар кадрлық резерві құрылатыны туралы хабарланды. Ұлттық комиссия сараптама комиссиясы ұсынған кандидаттар арасынан 300 жас маманды іріктеп алды. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең маңызды салаларға Резерв арқылы іріктелген мамандар жіберіліп жатыр. Стратегиялық мақсат – мемлекеттік билік жүйесінде тиімді басқарушылардың жаңа толқынын қалыптастыру және ел жастары үшін тиімді әлеуметтік лифтілер жүйесін құру».

«Көшбасшылардың жаңа буыны, оның ішінде сіздер де билікке келетін уақыт алыс емес. Сіздер үкіметтің тізгінін қабылдауға дайын болуларыңыз керек. Сіздерде тиісті құзырет, білім болуы керек. Біздің жастар мемлекет дамуындағы жаңа тарихи кезеңге дайын болуы тиіс. Білім, құзыреттілік жеке амбициядан гөрі биік деңгейде болуы керек. Алайда бізде жиі керісінше болып жатады».

Қасым-Жомарт Тоқаев

Биыл 16 наурызда Президенттің Жарлығымен осы жылдың 15 сәуіріне дейін коронавирустың таралуына байланысты бүкіл елде Төтенше жағдай жарияланған болатын. Көптеген елден бұрын Қазақстан үкіметтік деңгейдегі арнайы сарапшылар штабы мен ведомствоаралық комиссияны құрып, вирустың таралуына қарсы іс-қимыл жоспарын қабылдады. Содан кейін төтенше жағдай осы жылдың 11 мамырына дейін ұзартылды. Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін негізгі карантиндік шектеулер сақталды, бірақ көптеген кәсіпорын мен ұйымның жұмысы қайта жанданды.

«Біз коронавирустың әлемдік экономикаға өте жағымсыз әсерінің куәсі болдық. Шындығында, бұл ретте бүкіл әлемдік экономикалық жүйені қайта форматтау туралы әңгіме айтылып отыр. Қазақстан осы үлкен дағдарыстың салдарын сезініп жатыр. Бірақ экономикалық катаклизмдерге қарамастан, біз әлеуметтік шиеленіс пен жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін барлық шараны қолданамыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында еліміздің халықаралық резервтері шамамен 90 миллиард долларға жетті. Бұл біздің экономикамыздың тұрақтылығын сақтаудың және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындаудың маңызды кепілі».

Қасым-Жомарт Тоқаев

Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтардың бәріне ең төменгі бір айлық көлемінде - 42 500 теңгеден берілді.

Коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан медициналық персонал үшін үш ай бойы төленетін жалақыға үстемақы белгіленді. Ең жоғары қауіп тобына – 20 ең төменгі жалақы, жоғары тәуекел тобына - 10 ең төменгі жалақы, орташа тәуекел тобына – 5 ең төменгі жалақы берілетін болды.

Медицина қызметкері коронавирус жұқтырған жағдайда оған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері 2 миллион теңгені, қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңгені құрайды.

«Бұл дағдарыс мемлекеттік аппарат пен отандық бизнес үшін қозғаушы күш болғалы тұр. Мұның сабағы есте сақталуы керек. Яғни, жедел шаралардан басқа, жағдай тұрақтанғаннан кейінгі өмірге қатысты жүйелік тәсілдерді әзірлеп, қабылдау қажет. Біз іс жүзінде жаңа жаһандық әлемнің табалдырығында тұрмыз. Ол әлемде Қазақстан өзінің лайықты орнын табуы тиіс».

Қасым-Жомарт Тоқаев

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2020 жылдың мамыр айындағы отырысында Мемлекет басшысы ғылым мен білімнің дамуына қатысты бірқатар тапсырма берді. Президент біздің оқушылардың білім деңгейі жағынан халықаралық бағалау нәтижелері бойынша Қазақстан дамыған елдерден айтарлықтай артта қалғанын атап өтті.

«Жалпы біз ғылымды қаржыландыруды тұрақты түрде арттырып жатырмыз. 2025 жылға қарай оның ЖІӨ-дегі үлесін 1%-ға жеткіземіз. Сонымен қатар, біз ешкім оқымайтын қажетсіз жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыра алмайтынымызды айтқым келеді. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылып, одан нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік, техникалық қайтарым болуы керек».

Қасым-Жомарт Тоқаев

***

Материалдың графикалық лонгрид түріндегі нұсқасын мына сілтемеден көре аласыз.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Үмбет Шолпан
Үмбет Шолпан
954-059

MURAǴAT