+7 (701) 759 90 19
USD 387.16 EUR 428.47
RUB 6.08 CNY 55.13
Jańalyqtar

Ұлықпан Сыдықов: Табиғатпен үйлесімді өмір сүрген ұлт ғылымға бір табан жақын тұрады

2019 жылғы 24 қазан 10:32
Бөлісіңіз:
Ұлықпан Сыдықов: Табиғатпен үйлесімді өмір сүрген ұлт ғылымға бір табан жақын тұрады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн.

Ұқсас жаңалықтар
Елорда тұрғындары түрік киноларын апта бойы тегін көреді Қазақ балеті Лондон төрінде өнер көрсетті Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ республикалық театр фестивалі өтеді

Сондықтан да, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», - деп жазды. Осы тақырып аясында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықовпен журналист Махат Садық сұхбаттасып, ой-бөліскен болатын.

Махат Садық:

Ұлықпан Есілханұлы, сізбен сұхбаттың әлқиссасын өз дәуірінде үлкен құбылыс болған, қазірде жұртшылық телеэкраннан көруге ынталы «Дос-Мұқасан» тобынан бастасақ. 1973 жылы Берлинде өткен Дүниежүзілік студенттердің фестивалінде Алтын медальді алдыңыздар. Сіздерді Америка мен Еуропа таныды. Совет Одағындағы танымал ансамбль болдыңыздар. «Дос-Мұқасан» туралы энциклопедиялық анықтамадан оқыдым. Ансамбль құрамынан 7 ғылым кандидаты, 5 ғылым докторы, 4 академик шығыпты. Кейіннен ол азаматтардың министр, әкім сынды жоғары лауазымды қызметтерді атқарғанын көрдік. Әйгілі совет жазушысы Максим Горькийдің әлемдік классик Лев Толстой туралы: «Толстой етікші болса Ресейдегі ең мықты етікші болар еді» деген сөзі бар. «Дос-Мұқасан» тобының азаматтары да қай салада болмасын мықтылығын көрсетті. Елу жылда ел өзгеретін кезеңде де бұрынғы құрам жиналып концерт берсе, ел мыңдап жиналады. Мұның сыры неде?

Ұлықпан Сыдықов:

Заманымыз сондай болды деп бір ауыз сөзбен қысқа қайыруға да болар еді. Негізіне сүйенсем біз үшін білім алып, ғылымды меңгеру бірінші орында болды. «Дос-Мұқасанның» шығармашылығымен қолымыз бос кезде айналыстық. Ортамыз соны қалады. Сол кезде біздің қалалық жігіттердің біразы қазақ тілін жетік білмейтін. «Дос-Мұқасанның» құрамында өнер көрсетіп, еліміздің түкпір-түкпірін аралай бастағанда жолдастарыма: «Жігіттер, бәріміз бүкіл елді аралаймыз, көптеген адамдармен кездесеміз. Біздің қазақ тілін білмеуіміз ұят болады. Қазақ тілін үйренейік», – дегенде ешқайсысы қарсы сөз айтпастан ойымды құптап, қазақша үйренді. Осылайша жігіттер кешке екі сағатын қазақ тілін үйренуге арнады. Бұл — отбасында алған тәрбие мен тектіліктің белгісі. Тәрбие – бүкіләлемдік, бүкіл адамзаттық процесс. Ұлттық рухты қалыптастырудың, оны дамытудың негізгі құралы – тәрбие. «Адамға білімнен бұрын тәрбие беру қажет. Тәрбиесіз алған білім - адамзаттың қас жауы» деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, қазіргі таңда барлық білім ордаларының алдында «Кімді оқытамыз, кімді тәрбиелейміз, қандай маман даярлаймыз?» деген сұрақ тұрғаны рас. Әрине, маманды шетелде даярлауға немесе көп ақша беріп шеттен алдыруға болады.

Алайда, сол мамандарымыз қазіргі таңда еліміздің тәуелсіздігін, елдің тұтастығын сақтап қалуға қаншалықты үлес қоса алады?

Қазіргі рухани құндылықтар материалдық құндылықтарға қарағанда әлдеқайда төмен тұрғаны анық. Мұндай жағдайда, яғни нарық заманында сол рухани құндылықтар тиын-тебеннің «құлы» боп кетпей ме? Сондықтан біздің ойымызша, қазіргі қоғамға өзін-өзі үнемі дамытып отыруға қабілеті бар, рухани құндылықтардың ту ұстаушысы, демократия, гуманизм, мәдениет сияқты жалпы адамзаттық бағалы қасиеттерді бойына сіңірген, халқының тарихы мен салт-дәстүрін білетін, мемлекеттік, орыс және шет тілдерін меңгерген, өзінің ойы мен атқарған ісіне жауап бере алатын, саяси құқықтық мәдениетпен басқарудың нарықтық қағидаттарын жетік меңгерген, жан-жақты, бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар қажет.

Осы ұстаным кез келген оқу орнының жастарды тәрбиелеу ісінде басты назарда болуы керек деп есептеймін. Ұлттық рухты ояту, қалпына келтіру деген ескіні көксеу, консерватизм емес. Мысалға, Жапония ұлттық рухты берік сақтап қалғанның арқасында жаһандану көшінен қалмай, экономикасы, мәдениеті дамыған мықты мемлекет ретінде қалыптасып отыр. Бізде де заманның ағымына қарай белгілі бір жүйеге, логикаға, ұлттың негізгі мақсатына сәйкес ұлттық рухты жандандыру, ояту жұмыстарын жүргізу қажет. Студент кезімізде Мейірбек екеуміз Лениндік степендияның иегері болдық. Егер біз күні бойы ән салып, қазіргі тілмен айтсақ «жұлдыз» ауыруына шалдыққан болсақ, мұндай биікке көтерілмес едік. Біздің жігіттердің ешқайсысы сабағына үлгере алмай қиналғанын көрген емеспін. Біз үшін басты орында білім болды.

Махат Садық:

Сіз саналы ғұмырыңызды шәкірт тәрбиелеуге, ғылымды дамытуға арнаған Ұстазсыз ғой. 29 жасыңызда факультет декандығына сайландыңыз. Ұзақ жылдар бойы проректорлық қызметіңізде өзіңізге жүктелген тәрбие саласын жаңа бағытта құра жүріп, студенттердің қазақша оқып, мемлекеттік тілде білім алуына жол аштыңыз. СССР-ді билеген коммунистік партия кезінде институтта Қазақ тілі қоғамын құрып, оған төрағалық жасағаныңызды білеміз. Көпті көрген, көріп қана қоймай ғибратты ғұмырыңызда өрелі де өнегелі істерді жүзеге асырған Ұстаз ретінде Сізден қазақ ғылымының шыққан биігі мен бағындырған асуы жайында сұрасам деймін?

Ұлықпан Сыдықов:

Ғылым мен білім саласына сол кездегі астанамыз Алматыдай үлкен мегаполиске ауылдан мектеп бітірген соң келдім. Біздер ауылда тек қана қазақ тілінде білім алдық. Орыс тілін жетік білмедік. Ата-анамыз да бағыт-бағдар бере қоятындай білімдар адам болмады. Өз басым біздің буынды биікке көтерген еңбек деп ойлаймын. Жастайымыздан бел жазбай еңбек еттік. Еңбекке төселген адамның алмайтын қамалы жоқ. Міне, содан бері елу жылдан астам уақыт ғылымға еңбек етудемін. Сондағы түйгенім: дүниежүзіндегі 3 мыңнан астам этностың ішінде ойы зерек, ілім-білімге жаны құмар қазақтай халық кемде-кем.

Өйткені көшпенді ата-бабаларымыздың тұрмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті тікелей табиғатпен байланысты болған. Ал қай халық табиғатпен үйлесімді жағдайда өмір сүрсе, сол ұлт ғылымға басқаларға қарағанда бір табан жақын тұрады. Қазақ халқы табиғатпен етене өмір сүргендіктен жаңалыққа құмарлығы, ізденгіштігі, логикалық ойлауы, ой таразылауы жағынан ешқандай ұлтқа дес бермейтініне сенімдімін. Аспандағы жұлдыздар арқылы ауа-райын болжауы, жыл мезгіліне сай көшіп қонуы нәтижесінде табиғатпен етене өмір сүрді. Ал сол табиғатта заңдылық үлкен мәнге ие. Біздің ата-бабаларымыз ерте бастан табиғаттың заңдылығының құпиясын түсініп, білуге ұмтылды. Осылайша қазақтың тегінде ғылымға деген құштарлық бағзы замандардан бастап қалыптасты деп нық сеніммен айта аламын.

Ғылымның басты қызметі зерттеу нысаны ретінде алынған саланың тұрақты заңдылыққа негізделген объективті құпиясын ашу болып табылады. Сондықтан табиғаттың тылсым құпиясын ашуға ерте бастан ұмтылған қазақ халқының ғылымға қатысты ой-пайымы табиғи түрде қалыптасып, танып, білсем деген құмарлық ерте бастан сүйегімізге сіңді. Айталық, Асан Қайғының сонау көне замандарда айтқан ой-түйіндері бүгінде біреудің жылдар бойы зерттейтін диссертациялық жұмыстарының негізіне айналып отырғанын өздерің де білесіңдер. Сондықтан қазақтардың (қазіргі заманда айтып жүргендей) зияткер ұлт болуға ұмтылуы біздің табиғатпен етене, үйлесімді жағдайда өмір сүруімізге тікелей байланысты деп есептеймін.

Қазақтың ғылымды кәсіби түрде зерттей бастауын Абай және Шоқанмен байланыстырып айтқан жөн. Осы екі тұлғаның еңбектеріне назар аударған адам – олардың табиғаттың тылсым құпиясын танып білуге қатты құмартқанын анық байқаймыз. Осылайша Абай мен Шоқанның еңбектері кең сахараға жарық шашып, талай қазақтың баласын ілім, білімді игеруге ықпал етті. Бұдан кейін Алаш ардақтыларының жаратылыстану салаларын кәсіби тұрғыдан зерттеп, әрқайсысы әр сала бойынша оқу құралдарын жазып, қазақты зияткер ұлтқа айналдыруға күш салғанын бәріміз білеміз.

Бірақ сол кездегі озбыр саясат Алаш ардақтыларының арман-мақсатын толықтай іске асыруына мүмкіндік бермеді. Ал бертіндегі Кеңес заманында қазақтар өзінің басқа халықтармен салыстырғанда ғылымға бір табан жақын тұрғанын нақты іс-әрекетпен дәлелдеп берді. Меніңше, ғылым халық пен мемлекетке қандай да бір материалдық игілік әкелген кезде ғана көпшілік ғылымға сенім артады. Өкінішке қарай, дәл қазір ондай шоқтығы биік дүниелерді көріп отырған жоқпын. Сондықтан ғылым кереметтей дамып кетті деп айта алмаймын.

Бізде ғылым өндірістік деңгейде коммерцияланбай жатыр. Өз кезегінде бұл да халықтың сеніміне селкеу түсіріп отыр. Қазір бұрынғыдай ғылымнан базарға кетіп жатқан жұрт жоқ. Қайта ғылымға келіп жатқан адамдар бар. Осы бір үрдістен Қазақстанда ғылым әлі күнге дейін қалыптасу кезеңін бастан өткеріп жатқанын аңғаруға болады. Енді шетелге кетіп жатқан ғалымдар жайында айтсам. Өз басым бұл мәселеден қандайда бір трагедия жасауға қарсымын. Бүгінде біздер ғаламдасу дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды ұмытпаумыз керек. Ғалымдардың дүниежүзінің түкпір-түкпірінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуы трендке айналды. Керек десеңіз, ғылым саласы жоғары деңгейде дамыған АҚШ-тың ғалымдары өзге елдерге барып, ғылыммен айналысады. Америкалықтар бұған қарап елдің ғылыми-техникалық дамуы төмендеп кетті немесе ғалымдарымыз патриот емес деп әңгіме айтып жатқан жоқ қой. Осы ретте айтпасқа болмайтын бір мәселе бар. Шетелге кеткен әрбір ғалым өзінің ғылыми жаңалығы туған еліне, ұлтына пайдасын тигізуін ешқашан естен шығармауы керек.

Махат Садық:

Оқыту, республика ғылымына сіңірген еңбегіңіз, тәрбие ісі мен қоғамдық жұмыстарда үлгі жолыңыз да өзгелерге өнеге. Іргелі зерттеушілігіңіздің нәтижесінде жазылған 9 монография, әрсалалы 20-дан астам оқулық, 11 брошюра сынды 350-ден астам ғылыми-публицистикалық, оқу-әдістемелік еңбектеріңіз жарық көрді. Академик Д. Кішібековпен бірігіп, мемлекеттік тілде алғашқы «Философия» оқулығын шығардыңыз. Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық зерттеу университетінің анықтамасында Сіз туралы жазылған ресми мәтінді қаз–қалпында қайталасам деймін.

«Қазақстандағы инженерлік білім бердің дамуына елеулі үлес қосқан Ұлықпан Сыдықов бар ғұмырын шәкір тәрбиесіне арнап келеді. Ұлықпан Есілханұлының тәрбие ісі саласындағы тәжірибелерді жинақтау нәтижесінде жазылған «Бүгінгі студент жастардың тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік рухани болмысына мониторинг жасау», «Ұлттық рух және ақпараттық кеңістік» ғылыми монографияларын жастар жылы қабылдады. Тынымсыз еңбектенуге де дағдыланған ғалым ізбасарлар дайындауды да ұмытпай, бір ғылым докторы мен 5 ғылым кандидатына, 6 магистрге жетекшілік жасады. «Инженерлік еңбектің социологиясы» оқулығы қазақстандық ғылымға қосқан ерекеше елеулі еңбек.

Профессор Ұ. Есілханұлы ғылым, оқу-тәрбие ісімен ғана шектеліп қалмай, оқу ордасындағы көркемөнерпаздар өнерінің өрістеуіне белсене араласқан. Ол «Дос-Мұқасан» вокальды-аспаптық эстрадалық ансамблінің негізін қалушылар қатарында Қазақстанның өнері мен мәдениетіне үлкен үлес қосты. Ғалым-ақын – ансамбль репертуарындағы бірқанша әндердің авторы. Жас шаңырақ көтерушілердің әнұраны сынды «Той жыры» әнінің өлеңін жазған Ұлықпан Сыдықов – Қазақстандағы «Қазақ эстрадасының аңызы» атағына ие «Дос-Мұқасан» құрамындағы аса сирек таланттардың бірі. «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Әсем жұлдыз», «Ғашығым» сынды махаббат саздары ансамбль репертуарында тұрақты сақталған. «Ару қыздар» әні 2000 жылғы Республикалық «Жаңа ғасыр – жаңа ән» конкурсының дипломын еншілесе, «Алау сезім» әні қыз-жігіттердің жүрек қылын шерткен толастамас сыр. Досым Сүлеев, Мұрат, Данияр Құсайыновтармен бірлесе дүниеге әкелген «Сәтбаев университеті» гимні білім ордасы ұжымының мақтаныш әніне айналған. Қазақстан Шығармашылық академиясының мүшесі Ұ.Сыдықов қоғамымыздағы алмағайып жағдайлар кезеңінде еліміздің радио, теледидар хабарларының өрістеуіне де ат салысты». Қазақта «жеті қырлы, бір сырлы көшелі адам» деп жатады. Бүгінгі өнегелі өмірге бастау салған жастық шағыңыздың жастарға үйренер тұсына тоқталып өтсеңіз?

Ұлықпан Сыдықов:

Адам жасы ұлғайса да, рухы қартаймауы керек. Ол үздіксіз ізденістің нәтижесі. Қоғамның алға дамуына менің де жауапкершілігім орасан зор деген ойға сенімнен туындайды. Проректорлық қызмет атқарсам да, жұмыс арасында университеттің тыныс-тіршілігі мен ішкі жаңалықтарының, шығармашылық жетістіктерінің жаршысына айналған «РАС» газетін шығарып, оған редакторлық қызметті қоса атқардым.

Әдеби көркем сынның дарабозы, көрнекті журналист Сағат Әшімбаевпен бірігіп «Жүректен қозғайық» хабарлар циклін жүргіздім. Онда қоғамымыздың өркендеуіне, қазақ тілінің қанатын кеңге жаюуына, халқымыздың әлеуметтік жағдайларының шешімін табуына кедергі болып отырған қайсыбір мәселелер сын тезіне алынып, аяусыз әшкереленді. Оған тиісті мекемелердің жауап берулері талап етіліп, өзекті жайларға қозғау салынды. Әсіресе, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, сана-сезімдеріне жаңаша серпіліс жасау мәселелері тыңдармандардан жаппай қолдау тапты. Тарихшы ғалым, профессор Ахмет Ержанов, ұстазым академик Досмұхамбет Кішібеков – үшеуіміз он жыл бойы қанаттас жүргізген «Республика өмірінің өзекті мәселелері» телехабарларында да мемлекеттік тіл, ұлт болашағына қатысты көптеген таласты ой-пікірлер қаузалды. Бұл орда бұзар отызымызда орындаған шаруамыз.

Елбасы Н.Назарбаевтың: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шын мәнінде халықтың ой-санасына жаңа серпін беретін, ұлттық рухымызды айбынын арттырып, ішкі тұтастығын бекемдейтін ғылыми негізделген, сарапталған, болашаққа үлкен бағыт сілтеген саяси-рухани мәні зор ірі уақиға болды. Айта кетерлігі, азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары өзара сенім орнаған жағдайда ғана ұлттық рух асқақтап, болашаққа ұмтылған қадам қарқынды болмақ. Ендеше, осы мақсатқа қызмет ету баршамыздың абыройлы борышымыз болуы тиіс деп санаймын.

Махат Садық:

Зор ықыласпен айтылған өрелі әңгімеңізге рахмет айтамын.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Махат Садық

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT