Ұлықбек Есдәулет: Осы жазда Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет осы жылдың тамыз айында Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумы өткізілетінін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәдениет туралы заңның аясында «Кинематография туралы» заңның қабылданғаны туралы жаңа айтылып кетті. Адамның қызығушылығын оятатын нәрсе. Кино деген шынын айтқанда дамуы тиіс сала. Баяғыда бір заманда әдебиет дамып кетіп еді, енді киномыз озайын деп тұр. Соған қызыға отырып, мен құттықтағым келеді. Сонымен қоса, ішімдегі бір ұсынысты айта кетсем деймін. Мәдениет деген заңның ішінде бірде-бір әдебиетке қатысты бап жоқ. Сондай-ақ бізге бір жеке заңның керегі жоқ, бізге тек бір бап қана енгізіп берсе, жаңағыдай қосымша құн салығынан құтылып, қаламақымыз өсер еді, біздің де жолымыз ашылар еді деп ойлаймын», - деді Ұлықбек Есдәулет Астанада өткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы өз сөзінде биыл Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып өткізілетін шараларды атап өтті.

«Оның ең үлкені - 45 жылдан бері өтпеген халықаралық, дүниежүзілік дәрежедегі форум. Осыдан 45 жыл бұрын кеңес заманында, сонау 1973 жылы Азия-Африка жазушыларының Алматыда конференциясы өткен еді. Оны әлі біздің қаламгерлер де, оқырмандар да аңыз қылып айтады. Биылғы жылы біз соның бір жалғасындай, Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумын өткізгелі отырмыз. Бұл - 14-21 тамыз аралығында өтеді. Бұл бюджетке салынып, мақұлданған дүние», - деді Ұлықбек Есдәулет.

Ақын өз сөзінде сонымен қатар биыл Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар