Ұлықбек Есдәулет: Бейімбет - алыптар шоғырын бастаушылардың бірегейі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін қазақ әдебиетінің классигі, көркем сөздің шебері Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған іс-шаралар Бейімбет Майлин ауданының орталығы Әйет ауылында кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бейімбет Майлиннің мұрасы – ұлттың асыл қазынасы» ғылыми-практикалық конференциясында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сөз сөйлеп, Бейімбет Майлиннің қазақ әдебиеті мен қоғамдық өміріндегі еңбегі туралы сөз етті.

«Бейімбет Майлин – қазақ жазба әдебиетінің басында тұрған адам. Алыптардың шоғырын бастаушылардың бірегейі. Сондықтан да бұл шараның маңызы бөлек. Би-ағаң өз дәуіріндегі шындықты жеріне жеткізе суреттеді. Әсіресе, халықтың басына туған алмағайып кезең – ашаршылықты барынша шыншыл бейнеледі. Қазақ ұлтының тағдырына кесе-көлденең тұрған нәубеттер жазушы назарында болды. Ол ақиқатты бүкпесіз айтты. Қазақ прозасындағы әңгіме жанрының негізін салған екі адамның бірі осы Бейімбет Майлин еді. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басты. Шығармаларының реалистік тегеуріні, көркемдік биік өресі, тақырыбының әралуандығымен дараланды. Өзі өмір сүрген қоғамды әңгімелеріне арқау етіп, энциклопедиялық кемелдікпен сомдай білді. Міне, біз Би-ағаңа осы үшін де қарыздармыз», - деді Ұлықбек Есдәулет.

Сонымен қатар, Жазушылар одағының төрағасы 80 жыл бойы Таран есімін иеленіп келген аудан орталығына оның тарихи атауы қайтарылғанын атап өтті.

Конференцияда Бейімбет Майлин кезінде жауапты хатшы болған республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Айбын Шағалақов пен ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетова, тағы басқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген зиялық қауым, әдебиетшілер мен тарихшылар сөз сөйлеп, Би-ағаның көпшілік біле бермейтін қырларын әңгімеледі.

Шара соңында биылдың өзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына 12 млн теңге бағыттаған «Майлин» ЖШС директоры, меценат, биылғы «Жомарт жүрек» жобасының «Жыл тұлғасы» атанған Петр Бушкинге Бейімбет Майлин атындағы Қор арнайы мерейтойлық төсбелгісін табыстады.

Соңғы жаңалықтар