Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігі қазақстандықтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Елшілігі Лондонда болған лаңкестік актілеріне байланысты осы елде жүрген қазақстандық азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті Қазақстан азаматтары, осы жылғы 22 наурызда Ұлыбритания Парламенті жанында және Вестминстер көпірінде орын алған террористік актіге байланысты Лондон қаласының Parliament Square, Whitehall, Westminster Bridge, Lambeth Bridge, Victoria Embankment (Embankment  метро стансасына дейін) сияқты орталық аудандарына бармауды, адамдар көп шоғырланған жерлерден аулақ болуды, сондай-ақ қоғамдық көлікті пайдаланған кезде аса сақ болуларыңызды сұраймыз.

Барлық қажетті сұрақтар бойынша Елшіліктің консулдық бөліміне +44-7447-470-570 телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады», - деп жазылған дипломатиялық өкілдіктің Твиттердегі ресми аккаунтында.  

Айта кетейік, осы уақытта ҚР Сыртқы істер министрлігі лаңкестік актілер салдарынан зардап шеккендердің арасында қазақстандықтардың бар-жоғын анықтауда. 

"Лондондағы қазақстандық дипломаттар жергілікті полициямен ұдайы байланыста. Олар британдық астана орталығында болған келеңсіз жағдайдан зардап шеккен Қазақстан азаматтарының бар-жоғын анықтауда", - деп хабарлады «ҚазАқпаратқа»  ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов. 

Еске салайық, 22 наурыз күні Вестминстер көпірінде автокөлік жаяу жүргіншілерді жаншып өтті. Екі адам ажал құшып , бірнешеуі зардап шекті. Оқиға орнында саперлар жұмыс істеуде. Адамдарды басқан көлік ішінде жарылғыш құрылғы болуы мүмкіндігі жоққа шығарылмайды, деп хабарлады Sky News телеарнасы полициядағы дереккөзге сілтеме жасап.

Осы күні сондай-ақ британдық парламент ғимаратының маңында адамдарға қарсы оқ атылды. Зардап шеккендер бар.

Полиция болған оқиғаларды теракті деп бағалауда.

Соңғы жаңалықтар