Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасы Наурызды атап өтті

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасы Наурыз мейрамын тойлады. Көктем мерекесін отандастарымыз 2017 жылдан бері атап өтіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Мерекелеу сенбіде Лондоннан оңтүстікке қарай 70 шақырым жерде орналасқан Уокинг қаласында өтті, онда Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен қазақ диаспорасының өкілдері жиналды. Біздің көптеген отандасымыз ұлттық нақыштағы киімдер киді.

Кең дастархан жайылып, бешбармақ, палау, Наурыз көже, бауырсақ пен тәттілер қойылды. Қонақтар ұлттық ойын ойнап, ерекше мерекелік атмосфера орнады.


Көрермендер үшін концерттік бағдарлама дайындалды, оған ересектер де, балалар да қатысты. «Наурыз – думан», «Бидай көже», «Көзімнің қарасы», «Құйрық бауыр» сияқты заманауи және халық әндері, сондай-ақ «Қара жорға» биі қонақтардың көңілінен ерекше шықты.

Белгілі қазақстандық скрипкашы, халықаралық байқаулардың лауреаты Диана Махмуд «Аққу» күйін орындады. Ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша Корольдік музыка академиясының магистратурасында оқиды.


«Біз қазақ диаспорасын Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен Наурыз мерекесіне 2017 жылдан бері жинап келеміз. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Бүгін мерекеде 150-ге жуық адам келуі керек еді, бірақ жиналғандар саны одан көп болды. Өкінішке қарай, ғимарат шағындау. Келесі жылы 300 адамға арналған Наурыз мерекесін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», - деді ұйымдастырушы Алмаш Әлиева.



Соңғы жаңалықтар