Ұлыбританиядағы ең ірі әуежайдың күзетшілері 10 күндік ереуілге шықпақшы

None
ЛОНДОН.ҚазАқпарат - Ұлыбританияның ең ірі әуе айлағындағы қауіпсіздік қызметкерлерінің ереуіліне байланысты Хитроу әуежайына келіп, кететін рейстері кешігіп, жолаушылар ірі кезектерге тап болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Unite кәсіподағының мүшесі болып табылатын 1400-ден астам Хитроу күзетшілері 31 наурыздан бастап 10 күнге созылатын ереуілге дауыс берді. Ереуіл мектеп демалысының бастапқы кезеңін қамтиды және Пасха жексенбісінде, 9 сәуірде аяқталады.

«Хитроу әуежайының қызметкерлері төмен жалақы алады, ал бас директор мен топ-менеджерлердің жалақысы жоғары. Компания жетістігінің негізі - әуежай қызметкерлері. Оларға жалақы әділ берілуі тиіс», - деді Unite кәсіподағының Бас хатшысы Шэрон Грэм.

«Біздің кәсіподақ мүшелері Хитроуда төленетін жалақының төмендігінен күнкөрістерін өтей алмайды. Олар мұқтаждықтан ереуілге шығуға мәжбүр», - деп қосты ол.

Ереуілге тек British Airways пайдаланатын әуежайдың бесінші терминалында жұмыс істейтін күзетшілер және Хитроуға келетін барлық жүктерді тексеруге жауапты қызметкерлер қатысады.

Әуе айлағы әкімшілігінің мәлімдемесінде әуежай ереуілге қарамастан ашық болатыны және жұмыс істей беретіні айтылған. Орташа есеппен Хитроу күніне 128 мыңнан астам адамға немесе 214 бағыт бойынша күн сайын 536 рейске қызмет көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар