Ұлыбританияда жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстанның инвест режимі талқыланды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлыбританиядағы Қазақстан Елшілігі «Armstrong Teasdale» заң фирмасымен бірлесіп, инвесторларға арналған «Өзгерістерден кейінгі Қазақстанның жаңа бағыты және жаңа мүмкіндіктер» атты конференция ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Іс-шараның басты міндеті Ұлыбританияның бизнес қауымдастығын елімізде неғұрлым қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруын назар аудара отыр кең ауқымды саяси реформалар, жаңа экономикалық саясат шаралары мен Жаңа Қазақстан құрылысының басымдықтары туралы хабардар ету болды.

Конференцияның ашылуында ҚР Елшісі Ерлан Ыдырысов және «Armstrong Teasdale» компаниясының серіктесі Дэниел О’Коннелл сөз сөйледі.

Атап айтқанда, қазақстандық дипломат еліміздің инвестициялық тартымдылығының өсіп келе жатқанына тоқтады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық экономикаға тікелей шетелдік инвестициялар ағынының 37 пайызға өсуі бұған дәлел.

Сонымен қатар, Е. Ыдырысов Қазақстандағы экономикалық жаңғыру барысы, еліміздің инвестициялық стратегиясы және Қазақстан мен Ұлыбританияның инвестициялық-экономикалық ынтымақтастығының жаңа перспективалары туралы хабардар етті.

Оның пікірінше, Ұлыбританиядан Қазақстанға жаңа капитал салымының өсуіне жалпы ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) қызметі және негізінен белгілі ағылшын судьяларынан тұратын төрелік институттардың белсенді қызметі елеулі серпін береді.

АХҚО Инвестициялар жөніндегі директоры Джеймс Мартин конференция барысында қаңтар оқиғаларынан кейін және Украинада жалғасып жатқан қақтығыс аясында Қазақстанға инвестиция салудың жаңа перспективалары туралы мәлімдеді. Оның пікірінше, өңірдегі айқын турбуленттік үдерістер «Қазақстанның жетістіктерін жоюға әкелген жоқ, керісінше, бұрын жоспарланған шараларды жеделдетті». Ол еліміздің инвестициялық және экономикалық тұрақтылықтың «аралы» екенін атап өтті, бұған бизнестің Қазақстанға шектес елдерден жаппай көшуі дәлел.

Дж. Мартин Қазақстанның инвестициялық құрылымында әлеуетті және жұмыс істеп тұрған инвесторлар үшін бизнесті сүйемелдеу бойынша жоғары сапалы қызметтерді ұсынатын АХҚО-на ерекше орын берілетінін атап өтті.

Сондай-ақ конференцияға Еуразиядағы энергетика және табиғи ресурстар бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің директоры Аида Ситдикова, «MUFG Bank» банкінің атқарушы директоры және Орталық Азия бойынша басшысы Айман Мұқанова, «Armstrong Teasdale» серіктесі Рашид Гайсин және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Инвестициялар тарту және маркетинг департаменті директорының орынбасары Әсел Суанқұлова қатысты.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өкілі Қазақстандағы шетелдік бизнестің инвестициялық қызметінің жанданғанына тоқтап, қазақстандық билік елдегі бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын атап өтті.

А. Суанқұлованың ақпараты бойынша, Қазақстанда экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттырудың және «орталық – өңірлер – елшіліктер» өсі бойынша шетелдік компаниялардың қазақстандық нарыққа кіруіне жәрдемдесудің үш деңгейлі жүйесі іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеді.

Сонымен қатар, «Kazakh Invest» өкілі Қазақстанның инвестициялық портфолиосындағы жаңа «жасыл» технологиялардың ерекше рөлі туралы айтып берді. Оның пікірінше, бұл біздің мемлекетімізді өз экономикаларын декарбонизациялауды жүргізетін елдердің алдыңғы қатарына шығарады.

А. Ситдикова өз баяндамасын қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың қажетті шарты ретінде энергетикалық көшуге және декарбонизация тақырыбына арнады.

Оның пайымдауынша, жақын арада халықаралық инвестициялық тартымдылық жүйесінде «жасыл» экономиканы дамыту тікелей шетелдік инвестициялардың негізгі көзіне айналады. Сондықтан Қазақстанның көміртегі мөлшері жоғары энергия көздерінен кезең-кезеңімен бас тартуы болашаққа бағдарланған оң инвестициялық имидждің кепілі болып табылады.

Конференцияның модераторы «Fintech Ireland» және «Fintech UK» компанияларының негізін қалаушы, сондай-ақ «Armstrong Teasdale» кеңесшісі Питер Оукс болды.


Соңғы жаңалықтар