Ұлыбританияда тағы бір ауқымды ереуіл өтеді

Фото: Фото: Jordan Pettitt/PA Images via Getty Images
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Сәрсенбі күні Ұлыбритания астанасын бұрын-соңды болмаған көлік кептелісі күтіп тұр. Лондон метрополитенінің қызметкерлері, Англия мен Уэльс мұғалімдерінің ереуіліне байланысты көптеген мектептер жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүкіл ел бойынша мемлекеттік сектор қызметкерлері, коммуналдық қызметкерлер және Англияның кіші медициналық қызметкерлері жалақы, зейнетақы және еңбек жағдайларына наразылық білдіріп, ереуілге шығады.

Бірден бірнеше ірі кәсіподақ мүшелері қатысатын ереуілдің күні кездейсоқ таңдалған жоқ, дәл сәрсенбі күні Ұлыбританияның қаржы министрі Джереми Хант көктемгі бюджетті таныстырады.

Лондонның көлік жүйесін басқару компаниясы метрополитен қызметкерлерінің ереуілі барлық желілердегі үзілістер мен кідірістерге әкеледі деп санайды.

Сонымен қатар, Англия мен Уэльс мұғалімдері ұзақ уақытқа созылған жалақы дауына байланысты сәрсенбі және бейсенбі күндері ереуілге шығуды жоспарлап отыр.

Көптеген мектептер мәжбүрлі түрде жабылады.

Англия бойынша 30-дан астам мемлекеттік ведомстволар мен коммуналдық қызметкерлер наразылық акциясын өткізеді. Оларға шекара күзеті қызметі де қосылады.

Сонымен қатар, 170 мыңнан астам мүшесі бар британдық медициналық қауымдастықтың кіші дәрігерлері дүйсенбіде бастаған үш күндік ереуілді жалғастырады.

Сәрсенбі күнгі ереуілге Ұлыбритания бойынша 200 мыңнан жарты миллионға дейін адам қатысуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар