Ұлыбританияда медбикелердің тарихтағы ең ірі ереуілі болып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Ұлыбританияда медицина қызметкерлерінің ел тарихындағы ең ірі ереуілі болып жатыр. Медбикелер, мейіргерлер мен жедел көмек қызметкерлері наразылық акциясына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

450 мыңнан астам мүшесі бар RCN кәсіподағы жақтастарын көшеге шығуға шақыруда. Кәсіподақ мұндай қадамға Премьер-Министр Риши Сунакты қысымға алып, ел Үкіметін ымыраға келуге мәжбүрлеуі үшін барып отыр.

Дүйсенді күні қатарларына GMB және Unite кәсіподақтарының өкілдері – 10 мыңнан астам жедел көмек қызметкерлері қосылған денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жалақыларын инфляциядан 5 пайызға жоғары көтеруді талап етіп жатыр.

2022 жылдың қазанында Ұлыбританияда тұтынушылық баға жылдық есептеуде 11,1 пайызға өсті. Бұл елдегі 1981 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады.

Айта кетерлігі, Денсаулық сақтау министрі Стив Барклай кәсіподақтарға райларынан қайтуға шақырып, Үкімет жалақыны инфляциядан жоғары көтере алмайтындығын алға тартып отыр.

RCN кәсіподағының мәліметінше, 2021 жылы жалақының төмен болуы салдарынан 25 мың медбике жұмыстан шығып кеткен. Соның салдарынан елде кіші медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалады.

Айта кетерлігі, жедел қызмет қызметкерлерінің барлығы бірдей ереуілге шықпайды және де шұғыл шақыртуларға қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар Уэльсте медбикелер мен жедел көмек қызметкерлері жалақыларына қатысты ұсынысты қабыл алып, жоспарлы ереуілге шығудан бас тартты. Ал Шотландияның медицина қызметкерлері жергілікті үкіметпен келіссөз жүргізіп жатыр.

RCN кәсіподағының медбикелері мен мейіргерлері ереуілі ертең де жалғастырмақ. Ал жедел жәрдем бригадалары сейсенбі күні жұмысқа толық шыққанымен жұма күні наразылықтарын қайтадан білдіруге ұмтылмақ.

Тимур Дүйсекеев


Фото: REUTERS/Toby Melville

Соңғы жаңалықтар