Ұлыбританияда фунт-стерлинг бағамы құлдырай бастады

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Ұлыбританияда «Брексит» келісімінің жобасы бойынша кереғар пікірдегі үкімет өкілдерінің отставкаға кетуі фунт-стерлинг бағамының күрт төмендеуіне әкеп соқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Осы аптада Лондон мен Брюссель Ұлыбританияның ЕО құрамынан шығу шарттары бойынша ымыраға келген болатын. Елдің Еуропа одағынан шығу мәселелері жөніндегі министрі Доминик Рааб «Брексит» шарттары бойынша кереғар пікірде болғандықтан, отставкаға кететінін мәлімдеді.

«Бүгін мен «Брексит» мәселелері жөніндегі министр лауазымынан отставкаға кетуге өтініш жаздым. ЕО құрамынан шығу жөніндегі келісімнің шарттарын қолдауға менің ар-ұятым жол бермейді», - деп жазды Д. Рааб бейсенбінің таңында Twitter парақшасында.

Ол бұдан тыс, отставкаға кету себептерін түсіндіріп, премьер-министр Тереза Мэйге жолдаған хатын да жұртшылық назарына ұсынды.

«Өз тарапымнан, мәмілені екі себеп бойынша қолдай алмаймын. Біріншіден, Солтүстік Ирландия үшін ұсынылған реттеу режимі Біріккен Корольдіктің біртұтастығына айтарлықтай қауіп төндіреді», - деді Д. Рааб.

Ал екінші себеп ретінде Д. Рааб Еуроодаққа Ұлыбританияның одақ құрамынан шығу шешіміне вето құқығының берілуіне төзе алмайтынын атап көрсетті.

Одан басқа, Британияның Солтүстік Ирландия істері жөніндегі министрлігінің мемлекеттік хатшысы Шайлеш Вара да елдің ЕО құрамынан шығу шарттары туралы келісім жобасына келісе алмай, бейсенбі күні отставкаға кету туралы өтініш жазған еді.

Соның салдарынан Британ валютасының басқа көптеген негізгі валюталармен салыстырғандағы бағамы төмендеді. Фунт АҚШ долларына қатысты 1,1%, еуроға қатысты 1,25% құнсызданды.

Сәрсенбі күні кешкісін Ұлыбритания үкіметі елдің ЕО құрамынан шығу шарттары туралы келісімнің жобасын мақұлдады. Тереза Мэйдің айтуынша, бұл - Брюссельмен келісуге болатын ең жақсы жоба.

25 қараша күні Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығу шарттары туралы келісім жөніндегі жұмыстың аяқталуына арналған кезектен тыс саммит өтеді.

Соңғы жаңалықтар