Ұлыбританияда экономикалық құлдырауды тоқтату үшін салық көлемін өсіру ұсынылды

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Ұлыбританияның қаржы министрі Джереми Хант экономикалық өсімнің құлдырауы мен инфляцияның үдеуіне байланысты салық көлемін ұлғайтуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, биылғы жылы экономикалық өсім 4,2 пайыз деңгейінде болжануда. Сонда ЖІӨ 2023 жылы 1,4%-ға төмендейді, ал алдағы үш жылда ол 1,3%-ға, 2,6%-ға және 2,7%-ға өседі», – деді Джереми Хант ел Парламентінде дағдарысты еңсеру жоспарын таныстыра отырып.

Британ министрлер кабинетінің есептеулері бойынша, Ұлыбританиядағы инфляция биыл 9,1%-ды құрайды және 2023 жылы 7,4%-ға дейін баяулайды. Бағаның өсуіне негізгі факторлар энергия тарифтерінің өсуі мен азық-түлік тауарларының қымбаттауы болды.

Ұсынылған шараларға, басқалармен қатар, жоғарғы 45% табыс салығының мөлшерлемесі үшін жылдық жалақы шегін ағымдағы 150 мың фунттан 125 мың фунтқа дейін төмендету кіреді.

Тағы бір жаңалық – 2025 жылдың сәуірінен бастап электромобиль иелеріне көлік салығы салынады. Бұрын мұндай төлем түрін іштен жанатын қозғалтқышы бар көлік иелері ғана төлейтін.

Сонымен қатар Хант үкіметтің алдағы бес жылда 30 млрд фунт стерлингке дейін үнемдеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік шығындардың өсуін қалыпты ету туралы шешімін жариялады.


Фото: Andy Rain/EPA


Соңғы жаңалықтар