Ұлыбританияда 20 мыңға жуық теміржолшы ереуілге шығады

None
Фото: Network Rail
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - 2 маусымға белгіленген ереуілге Ұлыбританияның 14 теміржол компаниясының 20 мыңға жуық қызметкері қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Алдағы ереуіл туралы бейсенбіде британдық теміржол, теңіз және көлік кәсіподағы RMT хабарлады.

Оның өкілдері жұмыс орындары, жалақы және еңбек жағдайы бойынша келісе алмаған.

Бұған дейін Aslef кәсіподақ ұйымы 31 мамыр мен 3 маусымда британдық 15 теміржол компания машинистерінің ереуілі туралы жариялаған болатын.

Наразылық шаралары 3 маусымда британдықтардың «Манчестер Сити» мен «Манчестер Юнайтед» арасында өтетін Англия Кубогының финалына баруын қиындатуы мүмкін.

Мыңдаған футбол жанкүйері Лондондағы «Уэмбли» стадионына көлікпен немесе автобуспен ғана жете алады, бұл қалада үлкен көлік кептелісіне әкелуі мүмкін.

Үкімет пен компаниялар теміржол саласы қаржылық тұрақтылық проблемаларын бастан өткеріп жатқанын, сондықтан жалақының жоғарылауын қамтамасыз ету үшін жұмыс тәсілін өзгерту керек дейді.

Кәсіподақтар болса, жұмыс орындары қысқарып, еңбек жағдайы нашарлап бара жатқанын және жалақы инфляциядан әлдеқайда төмен екенін айтып отыр.


Соңғы жаңалықтар