Ұлыбритания парламенті Қазақстандағы Мәжіліс сайлауына байқаушы жіберуді жоспарлап отыр

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Британ парламентіндегі Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық қауымның депутаты Дэниел Кавчински Қазақстанда 19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауына бақылаушы ретінде ұсынылды. Парламент мүшесі Астанаға алдағы сапарының жоспары мен одан не күтетіні жайлы баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлыбритания парламентінде Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Жалпыпартиялық парламенттік топ парламентаралық диалогты дамыту мақсатында 2015 жылдың күзінде құрылған.

Топ өкілдерінің құзыретіне сыртқы саясат, қорғаныс, барлау және қауіпсіздік, қару-жарақ экспортын бақылау, экономика, сауда, ғылым және білім беру мәселелері кіреді.

«Біз Қазақстан сияқты ортақ ережелерге негізделген дүниетанымы ортақ және демократия мен еркіндікті ілгерілетуді қалайтын елдермен байланыс орнатқымыз келеді», - деді Д.Кавчински ҚазАқпарат тілшісіне.

«Мен үшін Астанада өтетін сайлауға бақылаушысы ретінде келуге шақыру алу - үлкен мәртебе. Мен үшін сайлау учаскелеріндегі нақты жағдайды көру, дауыс беруге келген қазақстандықтармен әңгімелесу өте қызық», - деді британдық депутат.

«Қазақстанның Ұлыбританияда беделі жоғары. Біздің елдеріміздің бірлескен өзара тиімді іс-әрекеттері үшін зор мүмкіндіктері бар», - деп атап өтті Британ парламенті төменгі палатасының депутаты.

«Сайлаудың қалай өтіп жатқанын, сөз бостандығының жағдайын, барлық саяси партияларға сайлаудың тең дәрежеде болуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарындағы тең эфир уақытын алу үшін қандай мүмкіндіктер берілгенін түсіну үшін үкіметтік емес ұйымдармен және сараптама орталықтарымен пікір алмасқым келеді. Бұл кез келген сайлаудың қаншалықты ашық және қаншалықты еркін өтетінін бағалау кезінде өте маңызды», - деді спикер.

Сонымен бірге, сайлау үдерістері туралы айта келе, британдық парламентарий демократияны құрудың тамаша үлгілерін іздемеуге шақырды, өйткені барлық елдердің өз кемшіліктері бар.

«Бізде проблемалар жоқ деп ойламаңыз. Біз жақында ғана сайлау заңнамасына өзгерістер енгіздік. Енді сайлау учаскесінде жеке басын куәландыратын құжатты көрсету міндетті болып табылады», - деді Д. Кавчински.

2023 жылға дейін Ұлыбританиядағы сайлауға (Солтүстік Ирландиядан басқа) қатысу үшін ешқандай құжат көрсету қажет етілмеген. Сайлаушылар пошта арқылы немесе сайлау учаскелеріне келіп, тек аты-жөнін, мекен-жайын айтып дауыс берді. Өзгерістердің мақсаты - британдық сайлауда бұрмалауға жол бермеу.

«Дауыс беру жүйесінің әділ болуы үшін бәріміз үйреніп, өзгерудеміз. Бұл - өте маңызды, өйткені біз келісе алатын бір нәрсе бар, ол – халықтың дауыс беру жүйесі олардың тілектерінің шынайы көрінісі екеніне сенімі», - деп атап өтті спикер.

Д.Кавчински Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі тарапынан Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды қолдайтынын атап өтіп, Мәжілістің болашақ құрамымен байланыстар тереңдетіліп, кеңейтілетініне үміт білдірді.

«Біздің парламент пен Қазақстан парламенті арасында екіжақты байланыс орнату керек. Ол үшін мен Вестминстер Демократия қорын, сондай-ақ басқа да көптеген британдық талдау орталықтары мен институттарын пайдаланғым келеді», - деді ол.

Айта кетейік, Вестминстер Демократия қорының серіктестері қатарына әлемнің 30-дан астам елінде маңызды саяси және әкімшілік міндеттерді шешетін парламенттер, саяси партиялар, сайлау органдары және азаматтық қоғам ұйымдары кіреді.


Соңғы жаңалықтар