Ұлыбритания қазақтары ұлттық дәстүрлерді дәріптеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұманды Альбионда тұратын қазақ диаспорасының мүшелері өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеді. Ұлттық тағамдар пісіріп, тұсаукесер рәсімін өткізді, арқан тартудан жарыс ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті қазақтар Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен жиналып, биыл бесінші рет бас қосып отыр. Көпшілігі осында отбасы жағдайымен немесе жұмыс бабымен көшіп келгендер. Ұлттық тағамдардан дәм татып, туған жерге деген сағыныштарын басады.

Отандастарымыз Тұманды Альбионда түрлі салаларда нәпақасын айырып жүргендер. Бірінің жұмысы мұнаймен байланысты болса, енді бірі ұстаздық етеді. Араларында 20 жылға жуық уақыттан бері осында тұрып жатқандар да бар. Бірақ ешқашан туған жерімен байланысын үзген емес.

«Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз қазақтар бірге жиналсын деген ниет. Көп отандастарымыз осы жақта ұзақ уақыт тұрса да бір-бірін білмейді. Басқосудың арқасында танысып, жанұяларымен дос болып кетіп жатыр», дейді ұйымдастырушылардың бірі Алмаш Әлиева.

Диаспора мүшелерінің қатарында ағылшыннан қыз алып немесе ағылшынға күйеуге шыққан қандастарымыз да көп. Ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп жатыр. Қазаққа күйеу бала болғандар ошақтың жанында жүгіріп, қызмет етті. Оттың қызуын қадағалап, палау басуға көмектесті.

«Күйеу бала, құда, құда бала сияқты сөздер мен үшін таңсық емес. Мен Қазақстанға барғанда дәстүр бойынша тамақ істеуге көмектесемін. Өзіме ұнайды. Бүгін де дәстүрімнен жаңылған жоқпын», дейді Мартин Флауерс.

«Менің атым Дэвид. Қазақша Дәуіт. Мен Қазақстанға күйеу баламын. Менің жолдасым Орал қаласынан. Екі қыз тәрбиелеп жатырмыз», дейді қазақша еркін сөйлейтін ағылшын Дэвид Марш.

Қыз-келіншектер қауымы болса, асханада тамақ пісіріп, ет асты. Қазақстаннан әкелінген қазы мен жайманы қазанға салып қайнатты. Негізі, Ұлыбританияға сырт елден тамақ тасуға тыйым салынған. Бірақ ауылдың дәмін сағынғанда қазақтарға ештеңе де бөгет болмайтын сияқты. Бүгін де дастархан құрт пен ірімшікке, қазы мен қартаға толы.

«Сәлеметсіз бе? Менің атым Камилла. Мен Англияданмын. Мен университетте оқып жатырмын. Шымкентте 7 жыл тұрдым. Үйде қазақша тамақтар істеймін: бауырсақ, палау, бесбармақ», дейді қазаққа келін болған ағылшын Камилла Ермекбаева.

«Біз Шымкенттен келдік. Осы жерде 12 жыл болды тұрып жатырмыз. Осында жұмыс істейміз», дейді оның күйеуі Мұхит Ермекбаев.

Диаспора мүшелері ұлтымыздың жөн-жоралғыларын жақсы біледі, салт-дәстүрлерін қатаң сақтайды. Балаларына үйретіп, бұлжытпай орындауларын қадағалайды. Бұл күні де әдет-ғұрыптарымыз қайта жаңғырды. Өскелең ұрпақ көрсін-білсін деген ниетпен жиналғандар тұсаукесер рәсімін өткізді. Жаңа өмірге қадам басқан баланың жүйрік болып, шауып кетуін тіледі.

Бұдан бөлек сыйлы қонаққа бас тартылды. Қойдың көзі мен құлағы, тілі мен құйқасы талаптарға сай үлестірілді. Сонан соң қазақтың ұлттық ойындары да көрініс тапты. Арқан тарту жарысы ұйымдастырылып, ерлер бөлек, әйелдер бөлек күштерін сынап көрді.

«Мен Тараздың тумасымын. Астанада 20 жыл тұрдым. Сол жақта мектепте жұмыс істей жүріп, Джо есімді жігітпен көңіл жарастырдым. Бір жыл болды Blackburn деген Англияның қаласына көшіп келдік. Үлкен мақсат - қызыма осы дәстүрлерді көрсету», дейді Гаухар Скотт.

«Ұлттық дәстүрлерді жақсы көремін. Арқан тартуды үйрендім және тұсау кесу рәсімін көрдім. Оған қоса бүгін мен өлең айттым», дейді Гаухардың қызы Амели Скотт.

Ұлыбританиядағы Ұлы дала тойын ұйымдастырушылар дегеніне жеткендей. Ересектер ішке кіріп кеткеннен кейін кішкентайлар ешкімнің айтуынсыз-ақ арқан тартып ойнады. Бала көргенін істейді. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі деген осы шығар?!



Соңғы жаңалықтар