Ұлыбритания билігі қымбаттаған энергия үшін өтемақы береді

Фото: None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Ұлыбритания билігі электр энергиясы үшін қордаланған төлемдерді жабуға өтемақы береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Бейсенбі күні Ұлыбритания қазынашылығының канцлері Риши Сунак 15 миллиард фунт стерлинг көлеміндегі қаржылық қолдау пакетін жариялады.

Бұған дейін британдық «Ofgem» энергетика операторы биылғы жылдың қазан айында үй шаруашылықтары үшін электр қуатының орташа төлемі 800 фунт стерлингке артып, жылына шамамен 2 800 фунт стерлингті (шамамен 1,5 млн теңге) құрайтынын мәлімдеген болатын. Бұл ретте Ұлыбританиядағы инфляция деңгейі 9% жетті. Бұл – соңғы 40 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Үкіметтің жаңа шараларына сәйкес, 2022 жылдың қазан айында елдегі барлық үй шаруашылықтарына электр энергиясы үшін 400 фунт стерлинг мөлшерінде жеңілдік жасалады. Ал мұқтаж адамдарға қосымша көмек көрсетіледі. Аталған қаражат ішінара газ және мұнай компанияларының пайдасына салынатын 25 пайыздық салық есебінен жиналды, олар қазір электр жарығының қымбаттауынан үстеме пайда көріп жатыр.

Үкімет мүшесі ең төменгі күнкөріс деңгейін қолдау шараларын «уақытша» деп атады. Алайда, Қаржылық зерттеулер институты талдау орталығының мәліметінше, энергия бағасының қымбаттауы аясында Ұлыбритания үкіметі кем дегенде тағы бір жыл халыққа әлеуметтік көмек көрсетуге мәжбүр болады. Ал энергия тарифі 2023 жылға дейін тағы қымбаттайды.

Табысы аз халықты зерттеуге мамандандырылған Resolution Foundation аналитикалық орталығы қазіргі шараларды «үлкен және мақсатты пакет» деп сипаттады. Ол 2022-2023 жылдардағы үй шаруашылықтары үшін энергия шығындарының 82% өтейді.


Соңғы жаңалықтар