Ұлы Жібек жолындағы трансшекаралық бағдар – әлеуетті бағыттың бірі - Дәурен Абаев

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Ұлы Жібек жолының трансшекаралық туристік бағдарын ілгерілету – ынтымақтастықтағы әлеуетті бағыттардың бірі. Бұл туралы Ташкентте өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің туристік әкімшіліктері басшыларының кездесуінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

«Ұлы Жібек жолының туристік бағдарын ілгерілету – әлеуетті бағыттардың бірі. Ақтаудағы теңіз-сауда порты жағжайларымен, қонақ үйлері, инфрақұрылымы, қолайлы климаты және маңайындағы ғажайып мәдени ескерткіштерімен ШЫҰ елдері үшін толыққанды демалыс орталығына айнала алады», - деп атап өтті Дәурен Абаев Өзбекстан астанасында өткен «ШЫҰ елдері ынтымақтастығының жаңа кезеңі: туризм және мәдени мұра» халықаралық форумында.

Министр табиғатының алуан түрлілігі мен географиялық орналасуына байланысты Қазақстан трансшекаралық туризмнің бірнеше нұсқасын ұсына алатынын атап өтті. Мәселен, Тянь-Шань мен Алтай тауларында тау туризмін, ал Каспий теңізінде круиз, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бөлігінде тарихи саяхат түрлерін ұйымдастыруға мүмкіндік бар.

«Бұған дейін жыл сайын 7 миллионға жуық қазақстандық ШЫҰ елдеріне барса, Ұйымға қатысушы мемлекеттердің шамамен 8 миллиондай азаматы Қазақстанға келетін. 2021 жылы бұл көрсеткіш 3 млн-ға да жеткен жоқ», - деді туризмнің пандемия кезінде айтарлықтай зардап шеккеніне тоқталып өткен министр.

Ведомство басшысы Қазақстан шекарасындағы карантиндік шектеулер кезең-кезеңімен алынып жатқанын мәлім етті. Жаяу жүретін бағыттар, автобус, теміржол және әуе қатынасы қалпына келтіріле бастағанын айтты. Сондай-ақ, саланың дағдарыстан тезірек шығуы үшін Қазақстанда қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шараларынан хабардар етті.

«Үкімет тау-шаңғы курорттарына арналған жабдықтарды және туравтобустарды сатып алуға 25%-ға дейін, туристік объектілер мен жол бойындағы сервис объектілері өкілдеріне 10%-ға дейін өтемақы төлейді. Сонымен бірге, санитарлық-гигиеналық нүктелер мен балалардың авиабилеттері субсидияланады», - деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, Форумға ШЫҰ-ға мүше – Индия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері туристік әкімшіліктерінің басшылары, сондай-ақ туризм саласын дамыту мен мәдени мұраларды сақтау жөніндегі халықаралық сарапшылар қатысты.

Кездесу қорытындысында «Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы туризм саласын дамыту туралы әріптестік келісімі» мақұлданды.


Соңғы жаңалықтар