Ұлы Жібек жолы елдерінің рухани картасын жасау қажет - Серікбай қажы Ораз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлы Жібек жолы елдерінің рухани картасын жасау қажет. Бүгін елордада өтіп жатқан "Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманғы сын-қатерлер" тақырыбындағы IV халықаралық діни-ғылыми конференция барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Өткенсіз болашақ жоқ. Біз өткеннен өнеге алған халықпыз. Осы ретте әріптестеріме Ұлы Жібек жолы елдерінің рухани картасын жасауды ұсынамын. Рухани карта өскелең ұрпақтың тарих пен руханият саласына қатысты сұрақтарына жауап беретін бейнебір бағдаршам, шамшырақ болуы тиіс", - деді Серікбай қажы Ораз.

Сонымен қатар ол Ұлы Жібек жолы тек сауда мен экономиканың, өркениет пен мәдениеттің орталығы ғана емес, түрлі діндердің таралу аймағы болғаны тарихтан белгілі екендігіне назар аудартты.

"Осы ретте ата дініміздің Жібек жолы бойындағы қалаларда терең тарала бастағанын айрықша атап өткім келеді. Тіпті, тарихи деректерде- Ислам дінінің будда, христиан діндерін, зороастризмді ығыстырып, ысырып, қанатын кеңге жайғаны айтылады. 853 жылы Тараз бен Мерке шаһарында өзге діннің ғибадатханасы мешітке айналғаны жайлы сенімді мәліметтер кездеседі", - деді Бас мүфти.

ҚМДБ төрағасы тарихи қалаларда үлкен мешіттердің салыну себептері Ислам дінін ұстанатын халық санының көбеюімен түсіндірілетіндігін айтты.

"Біз, дін қызметкерлері, тарихшы-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері тарихымыздың осынау сәулелі сәттерін ұрпаққа жан-жақты насихаттай білгеніміз абзал", - деді Серікбай қажы Ораз.
null

Соңғы жаңалықтар