Ұлы Жеңістің 65 жылдығын қарсы алғанымды үлкен бақыт деп санаймын - Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаев

None
None
nbsp;АЛМАТЫ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «ҚазАқпарат» агенттігінің жаңа бірегей жобасы аясында, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне орай, «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті» айдары ашылды. Айдардың бүгінгі қонағы, Алматы қаласы, Әуезов ауданында тұрып жатқан жалғыз Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаев.

Қаһарман Батыр Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылына қарасты, Киров колхозында 1923 жылы қаңтардың 5-і күні дүниеге келген. Бұл ауылдан аттанған көп азаматтардың ішінен екі Батыр шыққан. Бірі Рақымжан Тоқатаев болса, екінші Кеңес Одағының Батыры Қашаған Жаманғараев.

Ол Батыр жұлдызынан бөлек, осы марапатқа тең дәрежедегі «Ерлігі үшін» медалінің сондай-ақ, 3-ші дәрежелі Даңқ орденінің және 1-ші дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері. «Ер есімі, ел есінде» демекші бүгінде Қаракемір ауылындағы мектеп Рақымжан Тоқатаев атында. Ол мектеп жыл сайын мамыр айында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен жарыс өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Батыр соғыстан кейін осы үйірмелерде жетекшілік еткен.

Екі рет "Халық ағарту ісінің үздігі" белгісімен және Жоғарғы Кеңестің құрмет грамоталарымен марапатталған. Бірнеше рет ауылдық Кеңестің депутаттығына сайланған, сонымен қатар, бірнеше жыл қатарынан аудандық партия комитетінің мүшесі ретінде сайланған. Өте қарапайым, білімді ақсақал бүгінде 87 жасқа жетіп, құрметті зейнеткерлік демалыста. Оның ерлігін аға буын азаматтар білгенмен, кейінгі ұрпақ біле бермейді. Кең даламызды жауға таптатпаған батырларымыздың ерен ерлігін кейінгі ұрпақтарға үлгі етіп жеткізу, біздің азаматтық, адамдық борышымыз. Біз сол себептен мереке қарсаңында әдейі ат басын бұрып, КСРО Батыры, ардагер атамызға жолығып, әңгімелескен едік.

-Аға, соғысқа дейінгі өміріңізді айтып берсеңіз?

-Мен сұрапыл соғысқа дейін ауылда тұрып, ауыл шаруашылығымен айналыстым. 6 жасымда әкемнен айырылып, анаммен және екі апайым, бір ағаммен қалдым. 7 жасымда мектепке барып, 5 сыныпта Есік қаласындағы Молотов атындағы мектепке оқуға түстім. 8-ші сыныпты тәмамдағаннан кейін өз ауылымдағы "Рабфакта" оқыдым. ІІІ-ші курста соғыс басталғандықтан бұл оқу орын жабылып, мен 10 айлық мұғалімдерді дайындау курсына ауыстырылдым.

-Соғысқа неше жасыңызда, қалай аттандыңыз?

- Соғыс басталғанда мен кәмелет жасқа толған едім. Қаракемердегі осы жедел дайындайтын мұғалімдер курсын тәмамдап, сондағы жетіжылдық мектепте математика, физика пәндерінен сабақ беріп жүрген едім. 1942 жылы мені Әскер қатарына шақырды. Бәрі кетті, мені алмай қойды.

- Неге, бір себептер болды ма?

- Мен де денім сау, білімім бар, мені неге соғысқа жібермейсіңдер деп сұрадым. Сол жерде қабылдап жатқан майор сенің салмағың аз, ауылға барып, семір, дем ал, өсіңкіре, деп күліп шығарып салды. Мен оған намыстанып, келесі ауылда, Түрген деген ауыл бар, сол жерде әскери комиссариат қабылдау өткізіп жатқан болатын. Мен сол жерге барып, келе сала тізімге жазылып, салмақ пен бойды өлшейтін дәрігерге кірмей өте шықтым. Содан 1941 жылы тамыздың 9-да әскерге алынып, Алматының Малая станицасындағы қамалынан бір-ақ шықтым. Мені артиллерия училищесіне алмай, жасақталған атты әскер полкіне жіберді. Кейін Тастақта бөлімше командирлері курсына оқуға бардым. Одан Ташкент маңындағы Шыршық қаласында артиллерия училищесінде көздеуші мамандығын оқыдым. Сол жерден 1943 жылы мамыр айында соғысқа аттандым. Мен 4-ші Украина майданының Қызыл тулы Станиславск, кейін 4-ші Украина майданының Қызыл тулы Станиславск артиллериялық 1672 атқыштар полкында көздеуші (наводчик) болдым. 76 мм-лік артиллериялық қару біздің жан серігіміз болды. Алғашқы ұрысым Днепрде, І-ші Украин майданында басталды. Одан кейін, Киев, сосын Житомир, Фастово, Винницк, Бердичев және тағы да басқа қалаларды азат етуге қатыстым. Бұдан басқа 4-ші Украин майданының құрамында Батыс Украинаны, Иваново-Франково, Мукачев, Ужгород жерлерін жаудан босатуға ат салыстым. Одан әрі қарай, Венгрия мен Чехославакияны фашист басқыншыларынан азат ету ету жорықтарына қатыстым. Прага қаласын азат етуде Жеңіске жеткендігіміз туралы хабарды естідім. Хабарды естігенде қуанышымызда шек болмады, бақытымызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Бірімізді-біріміз танысақ та, танымасақ та құттықтап жаттық. Бұл соғыс мәңгілік болып кеткендей көрініп еді. Мен Жеңіс Күнін сол 1945 жылы мамырдың 9-да Чехословакияның Оламауц қаласында қарсы алдым. Ол жерден мені мұғалім болғандығымнан елге қайтарды.

- Кеңес Одағының Батыры атағы қай жердегі ұрыста көрсеткен ерлігіңіз үшін берілді. Сол кезіңізді есіңізге түсіріп айтып берсеңіз?

- Біз ол кезде Польша жерінде, Одер өзенінен өтуге дайындалып жатқан едік. Фашистер біздің плацдармды жойып, өзен жағасындағы орналасқан ауылдарды, әсіресе, Буков фольваркін алуға әрекеттеніп, қатты шабуыл көрсетті. Түстен кейін немістер 50-ге тарта танктерін, өздігінен жүретін бронетранспортерлерін бізге қарай жіберді. Біздің бөлімшелерді фашистер Камень селосынан ығыстырды. Олардың танкілері оңтүстік-шығыс жақтан айналып өтуге ұмтылған еді. Ол жерде мен және менің оқтаушым рязандық Федор Кердань деген жауынгер екеуміз ғана болған едік. Бізде бронь танкілерін бұзатын 15 қана снаряд болды. Сондықтан, біз танкілердің 300 метрге дейін жақындауын күттік. Қатарынан 6 снарядты салып оқтап танктерге қарай дәлдеп аттық. Алтауы да дәл тиді. Танктер отқа оранып, тұрып қалды. Олар одан кейін сол қанатқа бұрыла бастады. Біз де зеңбірегімізді оларға қарай бұрып алдық та 4 зеңбірек жібердік. Олар да дәл тиіп, төрт танк отқа оранып, жана бастады. Мұны көрген жау танкистері үрейленді ме, қаша бастады. Алдымен ауыр танктер, оның артынан қалғандары шегіне бастады. Ішінен біреуі бөлініп бізге қарай ұмтылып келе жатыр екен. Біз де жалма-жан тез оқтап алып оны жарып жібердік. Оқ бүйіріне барып тиді. Бізде небәрі 4 оқ қалған еді. Оны қашып бара жатқан бронетранспортерлерге көздеп, төрт оқты да дәл тигізіп ол танктерді күйреттік. 30 минуттың ішінде 9 танк, 4 бронетранспортердің көзін жойдық. Екеуміз бір зеңбірекпен 50 танкіге төтеп беріп, 50 фашистің көзін жойдық. Осы ұрыста екеумізге де көрсеткен ерліктеріміз үшін Кеңес Одағының Батыры атағын берді. Біз қаруды алып соғысқа батыр атануға бармаған едік, біз еліміз үшін, туған жерімізді қорғау үшін аттандық, сол үшін жанымызды беруге, барлық қиындықтан өтуге де дайын болдық. Бұл меніңше, соғысқа аттанған барлық жауынгерлердің, әр жігіттің Отан алдындағы парызы болды.

- Соғыста Жеңіске жетуде қандай рух алға жетеледі?

Рақымжан Тоқатаев - Біз немістердің жерімізді басып, бала демей, шал-кемпір демей аяусыздық көрсетіп, өлтіріп, ойына келгенін істеп жатқанда, үйлерді, қалаларды жағып, алдындағының бәрін ойран-топырын шығарып жатқандығын көргенде, оларға деген ыза-кегіміз өршіді. Ойымызда тек фашистерге жерімізді бермеу, елден қуу, жерімізді таптатпау, билеп, төстеуге жол бермеу болды. Бізді қиын кезде туған жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім алға жетеледі. Сондықтан біз бәріне шыдап, төзімділік көрсетіп, барымызды салып болашақ үшін, балаларымыз үшін күрестік, ұрпағымыз үшін жанымызды пида етуге дайын болдық. Бәріміздің мақсатымыз біреу болды, сол мақсатқа жұмылдырылған күш фашистерді елімізден қууға, жеңіске жетуге көмектесті.

- Соғыс кезінде дем алған уақыттары сіз не істедіңіз?

- Бірі хат оқып, бірі туғанына хат жазып, бірі ұйықтап дем алып жатқанда мен соғыстағы техникаларды-неміс бронды техникаларын, артиллериялық қару-жарақтарды, бронь снарядтардың ерекшеліктерін зерттейтінмін. 2-3 жылда қойын блокнотыма бір оқу әдістемелік кітап болатындай жазып тастаппын. Одан басқа қаруымды тазалап, әр түрлі жағдайға түсіп қалғанда не істеймін деп, өзімнің әрекетімді ойластырып отыратынмын. Көрген-білгенімді қойын дәптеріме түрте беретінмін. Соғыс болғаннан кейін өмір мен өлімнің ортасында жүрдік, бұл менің соңғы күнім шығар деп, мәңгілік ұйқыға кетер болсам деп, туған-туыстарыма хат жазатынмын. Мекен-жайымды жазып, қайда хабар беретінін де жазып қойған едім.

Ерлік - тек жау алдында қорқынышыңды жеңе білу, не болмаса еш нәрседен қорықпайтын жүрек жұтқан жауынгер болу ғана емес, ерлік - ол еңбекқорлықты да талап етеді. Сондықтан, бұны жас ұрпақ біліп жүру керек. Еңбек - мақсат, мұратыңа жеткізетін жол.

- Соғыстан кейін тағдырыңыз қалай өрбіді?

- Соғыстан кейін Абай атындағы педагогикалық институтта оқып, 1950 жылдан Есік қаласындағы Молотов атындағы орта мектепте мұғалім болдым. Сабақтан тыс мезгілде мектептегі шахмат пен дойбы үйірмесін басқардым. Кейін осы мектептің директоры болып, ұзақ жылдар ұстаздық қызмет жасадым. Сол 1950 жылы үйлендім. Жұбайым Роза да мұғалім болды, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Бірге 50 жыл мәнді де, сәнді өмір кешіп, алтын тойға дейін жеттік. Осы тойдан кейін 3 айдан соң ол дүние салды. 4 баламызды - 3 ұл, бір қызымызды тәрбиелеп өсірдік. Қазір бәрі отбасылы. Екі үлкен ұлдарым энергетика саласында, кіші ұлым авиацияда қызмет жасайды. Қызым өзіме тартқан, ұстаз. Бүгінде құдайға шүкіршілік деп 7 немерем, 3 шөберемнің қызығын көрудемін. Міне биыл, Ұлы Жеңістің 65 жылдығын қарсы алып отырмын. Сондықтан мен бақыттымын. Осынау ұлы күні барша қазақстандықтарға тілер тілегім көп. Қазақ елі не көрмеді - 1916 жылғы көтеріліс, Азамат соғысы, аштық, қызыл қырғын, қуғын-сүргін, одан кейін қаншама адамның өмірін жалмаған осы Ұлы Отан соғысы. Соғыс тек қасірет пен қайғы, көз жасын әкеледі. Сондықтан мен Тәуелсіздік алған қазақ еліме ашық аспан, бейбіт өмір, халқыма амандық тілеймін! Соғыс ешқашан болмасын! ХХІ-ші ғасырдың бақытты ұрпақтарына жарқын болашақ, зор денсаулық, көп қуаныш пен мол бақыт тілеймін!

- Рахмет, аға, айтқаныңыз келсін!

Соңғы жаңалықтар