Ұлы Отан соғысының батырлары мен Даңқ орденінің үш дәрежесі иегерлеріне берілетін жәрдемақы 183 мың 690 теңгеге дейін артады

None
None
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылдан бастап еліміздегі Ұлты Отан соғысының батырлары мен Даңқ орденінің үш дәрежесі иегерлеріне берілетін арнаулы жәрдемақы мөлшері 183 мың 690 теңгеге дейін артады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, заң жобасымен әскери қызметшілер қатарындағы зейнеткерлердің еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің ең жоғарғы мөлшерін бұрынғы 75 АЕК-тен 86 АЕК-ке дейін арттыру көзделген. Яғни, бұрын аталған санаттағы азаматтар 97 мың 200 теңге жәрдемақы алып келсе, 2010 жылдан бастап  121 мың 518 теңге алатын болады.

 «Сонымен бірге, 1941-1945 жылдардағы Ұлты Отан соғысының 65 жылдығын мерекелеу қарсаңында, соғыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде әскери борышын өтегенін, еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтуға қосқан үлесін ескеріп, бірқатар заң актілеріне де өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері Ұлы Отан соғысының батырларына, Даңқ орденінің үш дәрежесі иегерлеріне 21 мың 295 теңгеден 183 мың 690 теңгеге дейін, Ұлы Отан соғысының қатысушылары болып табылатын Социалистік Еңбек ерлеріне - 21 мың 195 теңгеден 98 мың 910 теңгеге дейін арта түседі. Бұдан басқа, «Қазақстанның ғарышкер ұшқышы» құрметті атағына ие болған адамдарға 130 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 183 мың 690 теңге шамасында мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады», деді министр.

Сондай-ақ  олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстанның немесе бұрынғы КСРО-ның құрама командаларының құрамына кірген, 20 жыл еңбек өтілі бар, еңбегі сіңген спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік қолдау мақсатында, оларға берілетін ай сайынғы материалдық қамсыздандыру мөлшері 11 мың 34 теңгеден 33 мың 912 теңгеге дейін өседі.  

Соңғы жаңалықтар