Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті: Жеңіс сабақтары - Тарих сабақтары - жамбылдық ардагер Жұманәлі Пазылбаев

None
None
АМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 3-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның жаңа бірегей жобасы аясында, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне орай, «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті» айдары ашылды. Бүгін біз мамырдың 9-ында Мәскеудің Қызыл алаңындағы Жеңіс шеруіне қатысатын қазақстандық майдангерлер делегациясының құрамындағы Жамбыл облысынан шыққан Ұлы Отан соғысының ардагері Жұманәлі Пазылбаев жайында әңгімелемекпіз.

... Мектеп табалдырығын аттаған Жұманәлі Пазылбайұлына қарсы жолыққан жоғары сынып оқушылары зор құрметпен амандасып, кителінің омырауы наградаларға толы ұзын бойлы, сымбатты ардагерге қарап қалыпты. 1-2-ші дәрежелі Отан соғысының екі ордені, Черчельден бастап Сталинге дейін төрт билеуші бейнеленген медальдар. Майдандағы ерліктері үшін алған жалпы саны - 27 ордендер мен медальдар.

Тараз қаласындағы Циолковский атындағы №7 мектеп-гимназия оны асыға күтті. Бұл күндері сол бір сұрапыл соғыс жылдары жайында сыр шертетін ардагерлер жетісе бермейді. Мәскеуге сапары алдында оны жастар алдында сөз сөйлеп, адамзат тарихындағы ең қорқынышты әрі қайғылы соғыс жайында әңгімелеуге шақырды.

Ал №7 мектепте төменгі сынып оқушылары жиналған. Олар үшін Ұлы Отан соғысы - бұл көмескі тартқан әрі түсініксіз аталарының, бабаларының тарихы іспетті. ХХІ ғасырда дүниеге келген олар үшін майдангер ХХ ғасыр тарихының нағыз сабағын - Жеңіс сабағын өткізді.

Тіпті сабақта тыныш отырмайтын оқушының өзі Жұманәлі ағаның 1942 жылы Жамбыл (Тараз қаласы ол кезде осылай аталатын) орта мектебін бітіріп, 18 жастағы бозбаланың Кеңес Армия қатарына шақырылғанын, майданға қалай тап болғанын зор ықыласпен тыңдады. Бастапқыда пулеметші болған ол кейінірек барлаушылар бөлімшесіне қолбасшылық жасады.

- Менің бауырым өзіне жас қосып майданға аттанды, дегенмен оның жасы не бары 15-те болатын, - дейді Жұманәлі аға өзінің Сталинград түбінде ауыр жарақаттанып, Самара госпиталінде қайтыс болған кіші інісі жайында тебірене еске алып.

- Қараңдаршы, балалар, - деп әңгімеге араласқан мектеп директоры Наталья Исеева, - біздің жоғары сынып оқушылары да қазір 15-16 жаста. Міне осындай қыздар мен балалар қолдарына қару алып, аш-жалаңаш, суықта, бораған оқтың арасында жүріп жерімізді жаудан қорғады. Бойларындағы қорқынышты жеңе білген олар жауыз басқыншыларды жеңу үшін, сендер қазіргі уақытта мектеп партасында еркін отыру үшін, біздің барлығымыз бейбіт аспан астында өмір сүруіміз үшін өз өмірлерін де аямады.

Кешегі мектеп оқушысы 18 жастағы Жұманәлі Пазылбаев Балтық бойы, Ленинград, Беларус майдандарындағы кескілескен ұрыстарға қатысты. Украина даласымен, Беларус батпағымен, Балтық бойы орманымен жүріп өтіп, Ленинград қоршауында аштықтың қандай болатындығын көрді.

Теледидардан әлемдік қаржы дағдарысы жайында тыңдап, сонымен қатар үйдегі азық-түлікке толы тоңазытқышты ашатын қазіргі мектеп оқушыларына, ХХІ ғасыр балаларына сол бір кезеңде Ленинград құрсауында қалғандар үшін бір тілім қара нанның алтынмен бағаланғанын есту қызық көрінетін де шығар.

- Гитлер Нева бойындағы осы бір әдемі қаланы қоршап алды, - деп жалғайды әңгімесін Жұманәлі аға, - Лениградқа 40-тан астам іріктелген дивизия, мыңнан астам танк, 1500 ұшақтан құралған өте үлкен әскери күшті жіберді. Ленинградқа немістермен қатар Финляндия, Испания, Нидерланды, Голландия, Бельгия, Норвегия мемлекеттерінің фашистік дивизиялары шабуыл жасады. Жау әскерлері біздің сарбаздардан бірнеше есе көп болатын. Ленинградқа жүздеген мың снарядтар мен бомбалар тасталды. Қала сыртқы әлемнен ажырап, шеңбер құрсауында қалды, адамдар аштықтан және бомбадан өліп жатты. Гитлер бұл қаланы тез арада жер бетінен жоқ қылуға талпынды, алайда жау шабуылы да, бомбалауы да, қоршауы да адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп, қарсылық көрсетуін тоқтатпаған біздің адамдардың күш-жігерін мұқалта алмады. Сол кезеңде біздің ұлы ақынымыз Жамбыл Жабаев ленинградтықтарды қолдау үшін «Ленинградтық өренім» атты жыр шумағын арнады.

Балаларға ерлік және азаматтық сабағын өткізген майдангер тіпті адам төзгісіз жағдайда да адамдардың тәртіпті, бір-біріне деген сенім мен құрметті сақтағандықтарын, риясыз көмекке келгендігін атап өтті.

Сонымен қатар майдангер әңгіме барысында өз көзімен көрген соғыстың қорқынышты сәттері мен күні-түні жүрген Сталинград ұрыстарының жан түршігерлік кездерін де тілге тиек етті. Бірде жаудың кезекті бомбалауы барысында мерген қыздар взводы қоныстанған үйге снаряд түсіп, ондағы командирден бастап қатардағы жауынгерге дейін қаза тапқан. «Олардың барлығы жас әрі сымбатты қыздар болатын», дейді ардагер.

Майдангердің айтуынша, олар гитлерлік басқыншылардан азат еткен Латвияның бір қаласынан жердің квадрат пішінде өрттен қарайғанын байқаған. Сөйтсе, фашистер бір-біріне байланған адамдарды екі қабатты үйдің биіктігіне дейін қалап жатқызып, үстілеріне бензин төгіп, өртеп жіберіпті.

- Соғыстан кейін сол өртенген жер қалды, оны соғыс тарихының жантүршігерлік естелігі ретінде қалдырды, - дейді ардагер. Соғыстан кейін, бейбіт заманда да оған соғыстың қорқынышты эпизодтары түсіне кіргендігін, әлі күнге дейін қорқынышты түстер көретіндігін атап өтті.

Жұманәлі аға үшін соғыс 1948 жылы аяқталды. 3 жыл бойы оның бөлімі Литва аумағында гитлердің құйыршықтары тығылып жүрген қалың орман арасында өтті. Ардагердің сөзіне қарағанда, жергілікті тұрғындар Кеңес Армиясына біржақты қарамаған. Кейбірі кеңес солдаттарын фашистік басқыншылардан азат етушілер деп қабылдаса, біреулері оларды жасырып отырған.

«Біз оларды іздедік және біздің көптеген жолдастарымыз ту сыртынан атылған оқтың құрбаны болды. Сол бір кезеңде, соғыс аяқталғаннан кейін де біздің көптеген сарбаздарымыз қаза тапты», деп еске түсіреді ардагер.

Бейбіт уақытта туған қаласына оралған Жұманәлі Пазылбаев 26 жыл бойы ішкі істер органында қызмет етті, қазір отставкадағы полиция полковнигі. Қызметтестерінің айтуынша, ол әділ әрі адал қызмет етіп, қызметтестерінің арасында беделді болған. Жұбайы Күлжанмен екеуі 3 қыз, 3 ұл тәрбиелеп, олардан 4 шөбере сүйіп отыр. «Сан жетпейтін немерем бар», деп күледі ардагер.

- Сендер - менің немеремсіңдер, - дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Жұманәлі Пазылбаев тарих сабағын аяқтай келіп. - Бақытты болыңдар! Біздің Отанымыздың игілігі, Қазақстанымыздың көркеюі жолында өсіңдер әрі оқыңдар. Сендердің төбелеріңнен тек қана бейбіт аспан күліп тұрсын. Біздің Президентіміздің арқасында елімізде, қазіргі уақытта толымды әрі жайлы өмір үшін үлкен мүмкіндіктер жасалып жатыр. Сондықтан бұл өмір қандай қиыншылықтармен келгенін үнемі есте ұстаңдар...

Сабақтан кейін ардагерді облыстағы үздік мекемелердің бірі саналатын мектеп мұражайына шақырды. Ағымдағы жылы оқушылар мен ұстаздардың күшімен жиналған мұражайлық экспозицияға 25 жыл болады. Мұражай жетекшісі Любовь Приходченко тіпті облыстық өлкелік мұражайда да жоқ экспонаттарды, оның ішінде соғыс тарихына арналған экспонаттарды көрсетті.

«Әрбір отбасында сақталған Ұлы Отан соғысы жайындағы естеліктер «Менің жүрегімдегі ащы естелік» стендінде көрініс тапқан. Бұл жерде соғыс снарядтары, кеңес солдатының каскасы, патронташы бар оқшантайымен қоса олжа заттарды да көруге болады. Қандай да бір неміс солдаты Ұлы Отан соғысының бүкіл ұрыстарында пайдаланған каскасы, кружкасы, радиохабарларын беру құрылғысы және басқа да заттарының оңтүстік қаладағы мектеп мұражайынан орын алатындығын ойлап та көрмеген шығар», дейді мұражай жетекшісі.

Тараз қаласындағы Циолковский атындағы №7 мектеп гимназияның оқушылары ел тарихын, Ұлы Отан соғысы тарихын сол бір адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысты басынан өткерген тірі куәгерлер арқылы танып білуде.

Соңғы жаңалықтар