Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті: павлодарлық сарбаздың майдандық жолы Қызылқоғам ауылынан Венаға дейін жалғасты

None
None
ПАВЛОДАР. Мамырдың 3-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Биылғы жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын атағап өткелі отырған «ҚазАқпарат» АҚ Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай өзінің жаңа бірегей жобасының ауқымында «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті» айдарын ашып отыр. Бүгін өзінің майдан жолдары туралы павлодарлық ардагер, полковник Сәйткен Сағитов әңгімелейді.

Ол Жеңістің 65 жылдығын Мәскеудегі Қызыл алаңда Ұлы Отан соғысының қазақстандық делегациясымен бірге қарсы алады. Ауылдың қарапайым жігіті майдандық жолын туған ауылынан бастап Венаға дейін жалғастырды. 85 жасында ол - еті тірі, елгезек, оптимизмге толы адам. Оның жергілікті газетте жарияланған «Жауынгер жазбалары»- соғыстың анық тарихы жайлы қарапайым жауынгердің баяндауы. Сәйткен Сағитұлы ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына шың көңілмен жауап қайтарды.

- Сәйткен Сағитұлы, 41-жылғы маусымның 22-сі есіңізде қалай қалды?

- Ол кезде мен 10-сыныпты бітіріп, болашаққа жоспар құрып жатқан едім. Алайда бұл күні ауылымызға соғыс атты қаралы хабар жетті. Ауыл әйелдері жылап, адамдар жиналып, уайымға салынды. Содан кейін әскерге жұмылдыру басталды - 18 бен 49 жас аралығындағы ер адамдарды майданға әкетті. Біз, бұрынғы мектеп оқушылары майданға шақырғанға дейін колхозда еңбек еттік. Сыныптастарымды 42-жылдың мамырында Қызыл армияға алып кетті, мені алмады - бойым 150-ден кіші, салмағым да аз болатын. Тек 42-нің қыркүйегінде шабындықта шөп шауып жүргенімде шабарман маған майданға шақыру қағазын әкеліп берді.

Лебяжідегі әскер коммисариатқа барғанымда бізді әуе-десанты жасағының қатарына енгізілгенін, Мәскеу түбінде шоғырланатынымызды естідім.

- Ата-анаңыз, сірә, сізді қатты уайымдаған болар?

- Ата-анам бұған дейін көз жұмған еді. 1931 жылы ауыр науқастан қайтыс болған әкемне, екі жылдан соң - шешемнен айырылдым. Аға-әпкелерім көп болатын, бірақ қазір олардың ешқайсысы жоқ, отбасымнан қалған тірі адам - өзім ғана.

Мәскеуге Сібір қалалары мен Урал арқылы жүрген ұзақ жол болатын. Люберцы қаласына дейін жетіп, одан жаяу қатармен бірінші әуе-десант бригадасы құралып жатқан Дзержинскіге дейін жеттік. Пулемет, минометтен атуды үйреніп, парашют құрылғысын зерттедік. Ең алғашқы мұнарадан, кейін аэростаттан 700 метрлік биіктіктен, содан барып ұшақтан секірдік.

- Қорқынышты болған шығар? Көзіңізді жұмып секірдіңіз бе?

- Иә, солай болды (күледі), ауыл баласы болдым ғой. Люк ашылады - сен тұңғиыққа түсіп бара жатқандайсың, ауа күйдіргендей болады. Бірақ парашют ашылғаннан кейін масаттанған сезімге енесің - рахатқа бөленіп, ән салғың келеді.

1943 жылы қаңтардың екінші жартысында бізді автокөліктерге тиеп, Старая Русса қаласына жақын жерде майданға аттанатынымызды хабарлады. Екі күннен кейін аяғымызға пима киіп, шаңғыға тұрып орман әуежайына жол жүрдік. Алайда одан ұшып бара алмадық - немістер байқап қалып, бомбалап тастады. Бір ай бойы қарда ұйықтап, тәулігіне қарақұмықты азық ететінбіз, бізге тамақ әкелмейтін,. Кейін қайта топтастырып, майдан желісіне жіберді. Тегіс таза далада окоптар қаздық, бірақ немістер бізді көріп қойып оқ атты. Сол шайқаста мен аяғымнан жараландым. Медсанбатқа дейін жетіп, бұл жерде ұзақ уақыттан бері жатпаған таза ақжайма төселген сабан үстінде ұйықтадым. Жарақатым жеңіл болса да арықтау салдарынан екі ай госпитальде емделдім. Жауынгерлік жолымды осындай сәтсіздікпен бастадым.

- Мүмкін, керісінше шығар, Сәйткен Сағитұлы? Бұл шайқаста ауыр жарақаттанғандар мен мерт болғандар көп болды ғой.

- Иә, кейіннен анықталғандай, бұл көңіл алаңдататын маневр болды. Алайда ол мыңдаған жас жігіттердің өмірін қиып кетті.

- Ал госпитальден кейін ше?

- Госпитальден кейін мені Иваново түбіне жіберіп, артбатареяның үшінші батальонының 76-миллиметрлік зеңбіректерін оқтаушы етіп қатарға қосты.

- Жаңа әскери мамандық па?

- Мен жақсы дайындықтан өттім, полк командирі қолынан «Өте жақсы артиллерист» белгісін алдым, оны әлі күнге дейін мақтанышпен тағып жүрмін. Алғашында бізді резервте ұстап, кейіннен маршал Жуков қолбасшылық ететін майданға жіберді.

Беларуссия. Украина, Карпат арқылы өтіп, Румыния аумағына келдік, содан кейін Венгрия болды - бізге қорғанысты ұстап немістер шабуыл жасайын деп жатқан учаскеде қарсы шабуылмен жауап беруге бұйрық берілді. Мақсат орындалды - жеңіс лебін сезгендей болдық. Жаңа зеңбіректер, «катюшалар», ұшақ, танктер сияқты үлкен әскери күш жинап алған біз шабуылға дайындалдық. Артдайындығымыздан кейін немістер жағын жаппай түтін басатын. Содан соң танктеріміз бен ұшақтарымыз «Азаттық» киносындағыдай бастырмалатты. Сол жерлермен кейін жаяу әскермен де өттік, кедергі күш кездестірмедік, бір ауылда тоқтап, түнеп шықтық. Осылай әр күніміз өтті, бірақ жарақаттанғандар мен мерт болғандар бар еді.

- Содан соң Германияға аттандыңыз ба?

- Жоқ, біз Австрияға келіп Вена маңындағы теміржол торабы үшін шайқас жүргіздік. Немістер қысым көрсетіп, бронетранспортерлерді жіберді. Біздің батареяға тікелей нысанаға көздеуге бұйрық етілді. Есебіміз бойынша алдымызда екі брондалған көлік жылжып келе жатты, біріншісіне дейін 300 метрдей қашықтық бар еді. Оған біз бірінші снарядтан оқ тигіздік, одан шашылған немістерді жаяу әскерлеріміз оқпен қарсы алды. Одан әрі мұрша бермей, екіншісі де келіп жетті, оған да тигіздік. Қосымша күш жеткен соң шабуылға шығып, кешкісін бұл торапты алдық.

- Бұл қашан болды?

- 1945 жылдың наурызында Венаға бардық, қаланы қоршап алып, сәуірдің 18-і күні Австрия астанасын шабуылмен алдық. Мамырдың 2-сіне дейін демалып, қайта киініп, тағы жорыққа аттандық, Чехословакия аумағында соғыстық. Ол жерде американдықтарға берілуге дайын болып отырған немістердің бөлімшелерін қоршап алуымыз керек еді. Әуелі танктер, содан соң әскеріміз аттанды. Мамырдың 8-інде кішкентай өзеннің маңында тоқталған кезімізде «Жауынгерлік радиодан» соғыстың аяқталып, немістердің тізе бүккендігін естідік. Бір-бірімізді құшақтап, аспанға оқ атып, кешке қарай жүз граммен тойладық.

Неміс бөлімшелерінің қалдықтары қарсылық көрсетті. Мамырдың 12-сі күні Чехословакияның Брно қаласына кіргенімізде соғыс біз үшін аяқталған еді.

- Үйге жиналдыңыз ба?

- Жоқ, үйге дейін әлі алыс еді - үш айлық демалыс берді. Мені Венгрияға, одан кейін Эстонияға қызметке жіберді.

- Сізді қашан босатты?

- 1947 жылдың сәуірінде. Туған жерім - Лебяжі ауданындағы Қызылқоғам ауылына барып бастауыш сыныптардың мұғалімі болдым - онжылдық білімім бар еді, орыс тілін білетінмін. Семей педагогикалық институтына құжаттар тапсырдым, бірақ МҚК-не шақырылып, партия жауынгері болған соң қауіпсіздік органдары қызметіне жіберілдім. Осылайша 1949 жылы менің қауіпсіздік органдарындағы еңбек жолым басталды.

- Жаулар мен тыңшыларды әшкереледіңіз бе?

- Мені Павлодар аудандық бөлімінің жедел уәкілі етіп тағайындады, қазақшаны жақсы білген майор Дмитриев қызмет әдісіне үйретті. Төрт күннен кейін маған қағазға толы сейфты көрсетіп, осымен айналыс, деді. Бізде шынымен жау сонша көп пе деп ойладым. Ал бұл жерде көрші көршіге жазып жатқан шағымдар сияқты қағаздар көп - қай жерде шындық, қай жерде құр сөз екендігін анықтап отырдым. Уақыт өте келе үйреніп кеттім.

- Сіз қатардағы жауынгерден полковникке дейін өстіңіз бе?

- 33 жыл қызмет етіп «КСРО-ның МҚК құрметті қызметкері» белгісін алдым, ал оны жай бермейді. Алпыс жасымда отставкаға кеттім, жарғы бойынша он жыл ерте кетуге болса да, кете алмадым - жібермеді.

- Жеке өміріңіз қалай болды?

- Жақсы. Әйелім екеуіміз 63 жыл біргеміз - үш қызымыз, ұлымыз, немерелеріміз және бір шөбереміз де бар. Барлық балаларымыздың жоғары білімі бар. Қиыншылықтар көп болса да, басымнан көп нәрсе кешсем де, тағдырыма өкпелемеймін. Бұл ауыр жұмыс - бастықтарың өте көп, бәріне жаға алмайсың. Оған қоса, сені «бақылап» жүретін партия ұйымы тағы бар.

- Жеңіс күнін Қызыл алаңдағы парадта қарсы алатыныңызға ризасыз ба?

- Әрине, ризамын, Мәскеуде болмағаныма біраз уақыт болды. Алпысыншы жылдары сондағы барлаушылар мектебінде оқыған болатынмын.

- Жолыңыз болсын, жақсы әсермен оралыңыз. Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар