Ұлы Отан соғысында нақты қанша адам қаза тапты?

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Соғыс әділетті болсын, әділетсіз болсын шығынсыз болмайды. Бұл тұрғыда қасіреттілігі жағынан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының адамзат тарихында алар орны ерекше. Мұндағы адам шығыны жан түршіктіреді. Сол сұрапыл соғыста Кеңес одағы мен фашистік Германия тарапынан болған адам шығыны жайында күні бүгінге дейін ортақ, бірауыздан мойындалған нақты статистикалық мәлімет жоқ. Әрине, мемлекеттік мұрағаттардағы «Аса құпия» құжаттарға біртіндеп қол жетіп, тарихшылар тұрақты түрде зерттеулер жүргізіп, нәтижесін жариялап жатыр.

Солардың ішінде бүгінгі таңда Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Әскери-мемориалдық орталығының кеңесшісі, әскери ғылымдар профессоры, әскери ғылымдар кандидаты, отставкадағы генерал-полковник Григорий Кривошеев бастаған бір топ зерттеушілердің деректері негізге алынып келеді. Олар 1988-1993 жылдар аралығында армиялардағы, флот, шекара және ішкі әскерлердегі адам шығыны туралы деректер сақталған архивтік құжаттарға кешенді статистикалық зерттеулер жүргізгені белгілі. Сондай-ақ, Бас штаб пен КСРО Қарулы Күштерінің, ІІМ және Федералдық Қауіпсіздік Бюросының құпия сақталып келген мұрғаттық материалдарымен де танысқан. КСРО Қорғаныс министрлгінің әскери шығындарға қатысты құжаттарды да қараған. Сонымен, Г. Кривошеев бастаған зерттеушілер тобының демографиялық баланс әдістемесі бойынша жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша КСРО Ұлы Отан соғысында 26 миллион 600 мың адамынан айрылған. Олардың ішінде дұшпанның әскери және басқа да әрекеттері нәтижесінде қаза болғандар, дұшпанның басып алған аумақтарында және тылда соғыстың ауыртпалығына байланысты өлім-жітім деңгейінің артуынан көз жұмғандар, сондай-ақ соғыс жылдарында КСРО-дан шет елге кетіп, қайтып оралмағандар да бар. Қаза болғандарды, жарақаттардан көз жұмғандарды жынысына қарай бөлер болсақ, әрине басым бөлігін ер азаматтар (20 млн. жуық) құрайды. Жалпы 1945 жылдың аяғына қарай, КСРО-да 20 жастан 29 жасқа дейінгі әйелдердің саны сол жастардағы ер азаматтардан екі есе артық болған екен. Кейбір шет елдік белгілі зерттеушілердің пікірінше, Г. Кривошеев тобының келтірген саны (26,6 млн.) бұл КСРО-ның соғыста айрылған адамдар санының ең төменгі шегі ғана. Ал жоғарғы шегі 43 миллионға жуықтайды. Демек, шынайы статистика осы екі санның арасында болуы ықтимал. Енді, осы жалпы статистиканың ішінде нақты әскерилер арасындағы шығынға келер болсақ, Г. Кривошеевтың дерегінше, Ұлы Отан соғысы барысында із-түзсіз жоғалғандар, тұтқынға түскендер және есепке алынбаған әскери шығындар (жаппай шегіну басталған соғыстың алғашқы айлары) - 4 559 000 адам. 1 836 000 адам тұтқыннан оралса, 1 783 300 адам тұтқыннан оралмаған (өлген, хабар-ошарсыз кеткен немесе шет елдерде қалып қойған). Осылайша, ресми деректер бойынша, Қызыл армия Ұлы Отан соғысында 8 668 400 әскери қызметшісінен айрылды (1993 жылы ашылған деректерге сәйкес қаза болғандар - 6 885 100 + тұтқыннан оралмағандар - 1 783 300). Бірақ, одан ресми деректер бойынша бұрын хабар-ошарсыз кетті деп саналған, бірақ кейін табылған және әскерге қайта шақырылған 939 700 адамды алып тастайтын болсақ, онда қорытынды нәтиже 7 728 700 адамды құрайды. Алайда, бұл сандар көп зерттеушілер тарапынан сынға ұшырады. Мысалы, Ресей ғылым академиясы Ресей тарихы институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Виктор Земсковтың айтуынша бұл деректерде тұрғындар арасындағы шығын тым көбейтіліп, ал әскерилер арасындағы шығын тым төмендетіліп көрсетілген. Мұндай ара-қатынастың болуы тіпті мүмкін емес нәрсе. Мұндай соғыста қаза болған әскери қызметшілердің саны басқалай адам шығындарынын сөзсіз көп болуға тиіс. Оның келтірген дерегінше, жалпы әскери шығындар кем дегенде - 11,5 миллион адамды, ал азаматтық тұрғындар арасындағы шығындар кем дегенде - 4,5 миллионнан астам адамды құрайды Ал, Германияның ресми деректері бойынша әскери шығыны Ресей деректері бойынша 4,27 млн.адамды құрайды (қаза болғандар, жарақаттан көз жұмғандар және із-түссіз жоғалғандар). Қазақстанға келер болсақ, әскери мекемелердің ресми мәліметтеріне сәйкес, елімізде соғыс жылдарында 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50 тарта полктер мен батальондар жасақталған Ал майданға 1 млн. 200 адамнан 1 млн. 400 мың адамға дейін аттанған. 600 мыңға жуық отандасымыз соғыстан оралмады (олардың 125 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткендер). Ресейдің әскери деректеріне көз жүгіртсек, Ұлы Отан соғысында 126 мыңға жауық қазақ жауынгері қаза тапқан. Бұл, Қызыл армияның жалпы әскери шығынының 2 пайызын құрайды екен. Ал шын мәнісінде шығындардың көлемі қандай еді? Бұл, алдағы уақытта ел тәуелсіздігі және ел мүддесі тұрғысынан мұқият зерттеуді талап ететін күрделі жұмыстар екені даусыз.

Соңғы жаңалықтар