+7 (701) 759 90 19
USD 419.66 EUR 500.44
RUB 5.62 CNY 64.73
Jańalyqtar

Улы өрмекшілер: Елордада ерекше көрме өтіп жатыр

2021 жылғы 24 қаңтар 14:45
Бөлісіңіз:
Улы өрмекшілер: Елордада ерекше көрме өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен қонақтарының назарына адам өмірі үшін қауіпті, улы өрмекшілер көрмесі ұйымдастырылды.

Ұқсас жаңалықтар
Елордалық спортшылар қарттар үйіндегі аналарды мерекемен құттықтады Мереке қарсаңында еріктілер елорда базарларында жұмыс істейтін әйелдерге гүл таратады Нұр-Сұлтанда тұрмысы төмен 2 мыңнан астам отбасыға азық-түлік себеті табысталады

Алғаш рет өтіп жатқан көрмеге қызығушылық танытушы елордалықтардың саны аз емес. Көрмеге қандай өрмекші түрлері қойылған, өрмекші асырап табыс табуға бола ма, жалпы өрмекшілер туралы не білуіміз керек осы және өзге де сұрақтардың жауабын ҚазАқпарат тілшісі көрме ұйымдастырушысы әрі өрмекшітанушы алматылық Рашид Бараевтан сұрап білді.


«Көрмеде негізінен тропикалық өрмекшілер көрсетілген. Олар көбіне жылы аймақтарды мекендейді. Келушілерге өрмекшінің 30 түрін ғана ұсынып отырмыз. Олардың қатарында америкалық, африкалық және азиялық өрмекшілер бар. ТМД елдерінің өрмекшітанушылар қоғамдастығы бар, мен сол қауымдастықтың мүшесі боламын. Біз онда тәжірибе алмасамыз, сол секілді бір-бірімізбен өрмекші алмасамыз. Жалпы менде 200-ден астам өрмекші түрі бар, бірақ оның барлығы көрмеге қойылған жоқ. Бұл көрмеге 3-пен 7 жас аралығындағы өрмекшілерді әкелдім», - деді Рашид Бараев.


Оның айтуынша, америкалық өрмекшілер 15 жылға дейін, ал африкалық өрмекшілер 30 жылға дейін өмір сүреді.

«Көрмені ұйымдастырудағы менің негізгі мақсатым - адамдарды өрмекшілер әлемімен жақынырақ таныстыру. Себебі өрмекші десе кез-келген адамда бірден үрей пайда болады. Менің мақсатым - адамдарды ақпараттандыру арқылы өрмекшіге деген фобияны жою. Әрине өрмекші адам үшін қауіпті, бірақ өрмекші өздігінен адамға шабуыл жасамайды, егер адамды шақса, демек ол өзін қорғап жатыр деген сөз. Көбінесе адам мен өрмекші арасындағы жағдай қалай өрбиді, адам өрмекшіні көрсе бірден үрейге бет алдырып, одан қашады немесе өлтіргісі келеді, демек адам қорғанып жатыр. Өрмекші де солай адам сияқты ол да өзін қорғайды сол үшін де адамды шағады, яғни уын таратады», - дейді ол.


Маманның сөзіне сенсек, өрмекшілер әсіресе мамыр мен тамыз айы аралығында адам үшін өте қауіпті.

«Себебі осы уақыт аралығында өрмекшілерден уыт (токсин) бөлінеді. Сол үшін де адамдарды мүмкіндігінше көбірек ақпараттандыру керек. Мен өрмекші асырау және оларды танып білумен 9 жыл бойы айналысып келемін. Оның өзіндік тарихы бар, мен бір кездері жұмыссыз қалдым, бір күні көбелектердің көрмесіне бардым да, содан маған өрмекші ісімен айналысу идеясы келді. Нұр-Сұлтан қаласына дейін көрме Өскемен, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Теміртау және Алматы қаласында ұйымдастырылды», - деді ол.


Сондай-ақ, көрме ұйымдастырушысы өрмекшілерді танып, білуге қызығушылық танытқан елордалықтардың көп екенін айтты.

«Біздің елге келсек, Қазақстанда 1 мыңнан астам өрмекші түрі бар. Солардың ішінде ең қауіптісі ол қарақұрт және сары сақ. Бір қызығы әлемде 10 мыңнан астам өрмекші түрі бар, соның 10 түрі ғана адам үшін қауіпті, яғни улы өрмекшілер болып табылады. Өрмекшінің уының қаншалықты қауіпті екенін сезу мақсатында, мен жоспарлы түрде өз қолымды қарақұртқа шаққыздым. Әрине мен алдын ала дайындалдым. Шынын айту керек өте қатты ауырды, әсіресе тыныс алу қиын. Өйткені өрмекшінің уы алдымен тыныс алу жолдарын бітейді. Өрмекші шаққан жағдайда медициналық көмекке дейін уды өз бетімен жою жолдары бар. Ол үшін өрмекші жаққан жерді сіріңкемен күйдіру немесе шылымды тұтандырып соны өрмекші уын таратқан жерге басу. Дегенмен ең дұрысы дер кезінде медициналық көмекке жүгіну», - деді Р. Бараев.


Маманның мәлімдеуінше, өрмекші шаққан жағдайда адам ең бастысы үрейге бой бермеу керек.

«Өрмекшілер шыбын-шіркей, құрт-құмырсқамен қоректенеді. Айына 2-3 рет қана тамақтандырсаң сол жетіп жатыр. Күтімге келсек, ең бастысы ылғалдылықты сақтау қажет. Яғни өрмекшінің мекені 60-70 пайыз ылғал болуы шарт. Алдағы уақытта өрмекшілерді танып білу бағытындағы жұмысымды жалғастыратын боламын. Еліміздің басқа да қалаларына бару жоспарым бар. Маған адамдарға өрмекші туралы айтып, ақпараттандырған ұнайды. Өйткені Қазақстанда өрмекшілер туралы танымдық, зерттеу мәліметтері жоқтың қасы», - деді ол.

Сөз соңында өрмекшітанушы олардың адам өміріне пайдасы туралы айтты.


«Үйді тарақан және басқа да шыбын-шіркей қаптаған кезде адам үшін өрмекшіден артық көмекші жоқ. Өрмекші болған жерде артық шыбын-шіркей, тарақандар болмайды. Одан бөлек, кейбір елдерде жылыжай өнімдерін құрт-құмырсқалардан қорғау үшін арнайы өрмекшілерді қолданады», - деді ол.

Айта кетсек, елордада алғаш рет ұйымдастырылып отырған өрмекшілер көрмесі «Тәуелсіздік сарайында» 5 ақпанға дейін жалғасады.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Әли Ибраев

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Дана Телятникова Каз
Дана Телятникова Каз
954-059

MURAǴAT