Улы газды бақылау датчиктері тұрғындардың өмірін құтқарады – ТЖ министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, автономды жылыту жүйесі бар үйлерге 118 мыңнан астам датчик орнатты. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке орай, өрт санының көбеюі туралы жағымсыз статистиканы байқап отырмыз. Жалпы еліміз бойынша 2020 жылдың тамыз-қыркүйек айларынан жылыту маусымы басталғанша әкімдіктермен және әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп үйлерді аралап, рейд жүргіздік. Мұнда халықтың осал топтары – жалғызбасты қарттар, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар, қоғамнан шет қалатын адамдарды назарға алдық. Еліміз бойынша осындай 118 мың үйді есепке алдық. Бұл үйлердің барлығында жергілікті атқарушы органдар мен демеушілердің қатысуымен газ жабдықтарын бақылау датчиктері орнатылды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министрдің айтуынша, сенсорлардың жұмысы жалпы оң нәтиже көрсетіп отыр.

«Соңғы екі айда датчиктер орнатылған үйлерде үш рет дабыл қағылды. Осылайша, датчиктер ондағы адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалды», - деді министр.

Ведомство хабарына сәйкес, ел бойынша 2 миллион 300 тұрғын үй бар.

«Облыс орталықтары мен қалаларда осындай 940 мыңнан астам үй және ауылдық жерлерде 1 миллион 414 мың үй бар. Құрылыстар бөлінісінде айтар болсақ, 2 миллион 50 мыңнан астам жеке тұрғын үй және көпқабатты – 314 мың үй бар. Біздің қызметкерлер әлеуметтік қорғау органдарымен, учаскелік инспекторлармен бірлесіп 2 миллионға жуық үйді (81%) аралап шықты. Ең алдымен, автономды жылыту жүйесіне баса назар аударылды, 4 миллионнан астам азаматқа нұсқау берілді», - деді Ю.Ильин.

Сонымен бірге министр тұрғындардың қызметкерлерді жеке үй аумағына кіргізбейтінін атап өтті. 77,5 мыңнан астам үйдің тұрғындары түсіндірме жұмысын жүргізетін қауіпсіздік қызметкерлерін үйге кіргізбеген.


Соңғы жаңалықтар