«Ұлы даланың жеті қыры»: Қазақ қоғамы қандай пікір білдіруде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрген сәттен бастап еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында басылған пікірлер легі толастар емес. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі таспасында да Парламент депутаттары, ғалымдар, тарихшылар және қоғам қайраткерлерінің пікірлері жарияланып жатыр. Осыған орай, оқырман назарына  аталған пікірлердің түйінді тұстарын, сүбелі ойларын ұсынбақпыз.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев біздің осыған дейін төл тарихымызды танып-білуде белгілі бір шеңберден аса алмай, оқиғаларды таңдамалы және конъюктуралық тұрғыдан сипаттауға басымдық беріп келгенімізді жасырмайды. 

«Стратегиялық сипатқа ие бұл мақала көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдауға шақырады. Яғни, әлемдік өркениетке қосқан үлесіміз бен жаһандық даму үрдісіне тигізген зор септігімізді қайтадан зерделеп, дүниежүзіне жаңаша дәріптеуге үндейді. Шын мәнінде, біздің Ұлы даламыздың ғалам мәдениеті мен өркениетінде өзіндік орны бар. Оған ешкімнің таласы болмауы тиіс. Тек соны нақтылап, шегелеу үшін алдымен оның мәні мен маңызын өзіміз жете түсініп, түйсінуіміз керек», - деп атап көрсетті М.Әшімбаев.

Измирде өтіп жатқан Түркі елдері Парламенттік Ассамблеясының отырысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы мақаласының басты идеясы мен негізгі ұсыныстары біздің еліміздің ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін тарихи шаралардың басты оқиғасы екендігіне назар аударған.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың теңдессіз ерекшелігі өз халқының тарихымен бірлікте болуының және оның болашағын қалыптастыру болып табылады», - деді Нұрлан Нығматулин.

Ал «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов даңқты бабалар мен көне тарихтың ұлылығын сезіну әр қазақтың бойында барлығына, бұл сезім - қазақтың дүниетанымының, ұлттық кодының мызғымас бір бөлшегі екендігіне айрықша тоқталады.  

«Бұл мақала ұлттық ұстанымға әрі санаға қатысты тың серпін беретін міндеттерді қамтып отыр. Өкінішке қарай, біраз буын бойы біз өзіміздің тарихымызды, өткен ғасырларды тек қайғылы жағынан ғана есте сақтап, осындай көзқарасты қалыптастырдық. Мұның тарихи себептері де аз емес. Осы орайда халқымыз ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс ауыртпалығы секілді нәубетті кезеңдерді  басынан өткерді. Елбасы мақаласында бізге тарихи позитивизмге жол көрсетіп отыр, яғни ата-бабаларымыз адамзаттың дамуына елеулі ықпал еткендігіне назар аударды», - деді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. 

Ал ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Ирина Черных Президент өз мақаласында қазіргі қазақстандықтардың ата-баба мекеніне, олардың жаһандық тарихқа, жаһандық өркениетке қосқан үлесіне талдау жүргізгендігін айтады. 

«Бұл - бағдарламалық мақала. Президент көшпелілер өркениетінің негізгі бесігі Алтай екенін, таңғажайып аң стилін, мифологияны - бәрін анық көрсетті. Мемлекет басшысы төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін ұрпақтың болашағы зор болады дейді. Сондықтан бұл - бүгінгі болмысымызды сараптап, болашағымызды бағамдауға арналған мақала. Оның стратегиялық маңызы зор», - түркітанушы-ғалым деді Нәпіл Базылхан.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Тереченко ел табысының кепілі - бұл өткен бай тарихқа деген мақтаныш, қазіргі заманға прагматикалық баға беру және болашаққа деген позитивті көзқарас екендігіне назар аудартады. 

«Байырғы ұлттың өкілі болмасам да, Қазақстан тарихы - тағдыр талқысымен көп жапа шеккен осынау ұланғайыр жердің бөлшегіне айналған менің тарихым, менің отбасымның тарихы екендігін айтқым келеді. Мемлекет басшысы нақты айқындап берген Ұлы даланың әрбір жеті қыры барлық қазақстандықтың айрықша мақтаныш  сезімін туғызады», - деді ол.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет готтардың тарихын терең зерттеген - германиялықтардай, Рим империясының бүгінгі мұрагері - италиялықтардай ежелгі мәдениет иелерінің заңды ұрпағы ретінде өзімізді танып-білуіміз керектігін айрықша атап өтеді. 

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма басшысының орынбасары Ақберен Елгезек  «Архив 2025» жобасы жер шарында шашылған қазақтардың тарихы жайлы деректерді жинап зерттеуге мүмкіндік беретін бірегей жоба екендігін айтады. 

«Біздің даламыз тарихы тереңде жатқан үлкен мемлекеттердің отаны, үлкен өркениеттердің алтын бесігі болған. Қазақ жері үлкен рухани, философияның, әдебиеттің, өнер мен ілім-білімнің, тіпті діндердің бастауы да болған», - деді Ақберен Елгезек.

Абайтанушы ғалым, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры  Мекемтас Мырзахметов тарихи сананы жаңғырту, жұртқа жариялау - үлкен ерлік екендігін айтады. 

«Біз көп жағдайда Еуропаға еліктейміз. Еуропа рухани азық беруден қалған. Енді оларға оны біз бере бастаймыз. Ясауидің ілімі, Абайдың «Толық адам» ілімі, Шәкәрімнің «Ар ілімі» олардың қолында жоқ. Осыны жазып тез арада халыққа беруіміз керек. Жақында Абайдың «Толық адам» ілімі туралы монография жазуды аяқтадым. Сонда ұққаным, адамды жаман қылықтан тазалаудың құралы бізде екен. Сондықтан, осы бай тарихымызбен, мұрамызбен неге мақтанбасқа?!», - деді ол.

Мемлекет басшысының жаңа мақаласы - ұлттық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол. Мұндай пікірді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов білдірген. 

Елімізге еңбегі сіңген қоғам қайраткері, жазушы Алдан Смайыл Елбасы мақаласындағы тапсырмаларды орындау мақсатында Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ немесе Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында түркологтардың арнайы бірлестігін құру керек деп есептейді. 

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов  «Ұлы даланың жеті қыры» ұзақ жылдарғы тереңнен  қозғалған ой толғанысының, толассыз ізденістің, қажырлы қайраткерлік еңбектің, көшбасшылық қасиеттің, қиян асуда қия баспай өркениеттің  өскелең жолын таба білерлік даналықтың нәтижесі екендігін сөз етеді. 

«Мемлекет басшысы атап отырған жаңа жобалар сөзсіз тарих ғылымының дамуына мұрындық болып, қазақстандықтардың арасында тарих іліміне деген қызығушылықты арттырады. Қытай, Иран, Түркия, Ресей мен тағы басқа елдерде зерттеушілер мен тарихшылардың қолы тимеген тарихи мағлұматтар әлі де сақтаулы. Олардың бәрін де ғылыми айналымға енгізу отандық тарихты терең түсінуге сеп болары хақ», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Радик Темірғалиев. 

 

Соңғы жаңалықтар