«Ұлы даланың жеті қыры» бай тарихымызға терең үңілуге шақырады - Талғат Нұрғожин

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бізді бай тарихымызға терең үңілуге шақырады. Меніңше, Елбасымыздың бұл мақаласын бірінші кезекте маңызды стратегиялық құжат ретінде қабылдау қажет. Мемлекетіміз аумағының көлемі жағынан әлемде 9-орынды иеленіп отыр, бұл жерде қазақ мәдениетінің әлем өркениетінің тарихындағы зор ықпалын айтпасақ та белгілі жайт. Біздің қазіргі мақсатымыз - осыны халыққа жеткізу, әсіресе келешек ұрпаққа», - дейді ректор.

Университет ректоры Елбасымыздың арқасында бүгінде жұрт Қазақстанды әлемдік өркениеттің бесігі ретінде танып, ежелгі қазақ жері ұлы адамдарды тәрбиелеп шығарғанына назар аударды.

«Барлығы Коперник, Ньютон немесе Менделеевтің кім екенін біледі. Сол секілді әл-Фарабидің, Абай мен Алтынсариннің кім болғанын бүкіл әлемге таныта алсақ, керемет емес пе. Олар - біздің мақтанышымыз. Осы және өзге де көптеген тарихи тұлғалар тек еліміздің ғана емес, сонымен бірге адамзаттың тарихында маңызды рөл атқарды» - дейді Талғат Нұрғожин.

Сондай-ақ, Талғат Нұрғожин Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы барлық жағынан өте маңызды және құнды деген пікір білдірді. Оның айтуынша, мақалада халқымыздың өткені бүгінгі күнмен шебер ұштастырылып, өте айқын сипаттама берілген.

«Президент өте дұрыс атап өтті, «бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек». Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара - бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді» - деп қосты университет ректоры.

Талғат Нұрғожиннің сөзінше, ҚазҰМУ биыл 89 жылдығын атап өтеді. Оқу ордасының тарихы өте бай әрі университет мұражайында қазақ халқының орта ғасырдағы ұлы ғалымдары туралы құнды тарихи жәдігерлер сақталған.

«Бұл материалдар арасында халық емшісі, қазақ мəдениетінің теңдесі жоқ қазынасы саналатын Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да бар. Оны тарихшылар 15-ғасырдағы атақты емшілердің бірі санайды. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» атты медициналық үлкен ғылыми еңбегінде 350 анатомиялық термин, 1108 дәрілік зат, 1580 дәрі-дәрмек және 4600 рецепт атауын келтірген» - дейді Талғат Нұрғожин.

Университет ректоры Елбасы мақаласында көрсетілген жобалар аясында атқарылып жатқан жұмысы жайлы да әңгімеледі.

«Бүгінгі таңда «Ұлы даланың жеті қыры» жобасын жүзеге асыру үшін біз архив материалдарын іздестіру, Қазақстан медицинасы тарихында анықталған құжаттарды тауып, саралау және талдау, медицина тарихындағы архивтік материалдарды жариялау секілді жұмыстарды белсенді атқарып жатырмыз» - деді ол.

Айта кету керек, былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялаған болатын.


Еламан Тұрысбеков

Соңғы жаңалықтар