Ұлы даланың ұлы есімдері: 100 тұлға іріктеліп алынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімі тағы бір мәрте талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда тарихшылар «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру жобасын және «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімін тағы бір мәрте талқылады. Шара Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында өтті

Халықаралық ғылыми – теориялық конференцияға кәсіби тарихшылар, қоғам қайраткерлері, ҒЗИ өкілдері, докторанттар және жас ғалымдар қатысты. Шара барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы орны туралы сөз қозғады.

«Алаш қозғалысы дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш халықымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген-ұлттық идея. Біз осы уақытқа дейін ірі тұлғаларды, Алаш қозғалысының басшылары туралы көп айтып келеміз. Ал енді сол Алаш қозғалысына үлкен күш берген, қолдау жасаған қалың көпшілік бар. Сол көпшілікті біз әлі түгендей алған жоқпыз. Олардың барлығы дерлік репрессия құрбаны болды. Олардың өмір жолдарына байланысты құжаттар әліде жабық күйінде жатыр. Бұл әрине өкінішті жағдай. Осындай конференциялар, ізденістер сол тұлғаларды жарыққа шығаруға, өмірін халыққа жеткізуге әсерін тигізеді. Бұл жобалар тарихшылар мен этнологтарға кең даңғыл жол ашып отыр. Біз соған жұмыс жасап жатырмыз»,- дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді.

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасар міндетін атқарушы Болат Құдайбергенұлы жиында «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағының тұжырымдамасына тоқталды.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру барысында 100 тұлға іріктеліп алынды. Қазір төрт саябақ ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні орны белгіленді. Онда тарихи тұлғаның мүсіні орнатылады. Сондай-ақ үш тілде сол тұлға туралы ақпарат жазылады (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде)»,- деді Болат Құдайбергенұлы.

Сонымен қартар, халықаралық ғылыми конференция барысында «Ұлы даланың ұлы есімдері» мультимедиялық веб-порталының тұсаукесері болды.

«Бұл мультимедиялық веб-портал – ақпараттық жүйе. Мұнда тарихи тұлғалар туралы толық мағлұматты үш тілде алуға болады. Осы веб-порталға кіру арқылы көпшілік «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасына енген адамдардың өмірі, қазақ халықына сіңірген еңбегі, ерлігі жайында ақпарат алады. Әсіресе, студенттер мен жас ғалымдар үшін мультимедиялық веб-порталдың пайдасы зор болмақ»,- дейді ол.

Айта кетейік, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан қалаларында да талқыланды.

Соңғы жаңалықтар