Ұлы даланың тарихы - ұлы халықтың тарихы - Жаңабек Жақсығалиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы даланың тарихы - ұлы халықтың тарихы. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев өз ой-толғамын осылайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандық ғалымның айтуынша, ҚР Тұңғыш Президенті -Елбасы Н.Назарбаевтың соңғы екі жылда бірінен соң бірі жарық көрген қос мақаласы ұлттық сананың қайта түлеуіне ерекше серпін беріп, сілкініс жасады.

«Біздіңше, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласындағы бірінші бөлімнің «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп айдарлануы, соның ішінде «ұлттық код», «ұлттық бірегейлік», «ұлттық дәстүр» деген ұғымдардың қадап айтылуы кездейсоқ емес», - деді Жаңабек Жаңабайұлы

Оның айтуынша, ұзаққа созылған отаршылдық езгіден ұлттық санамыз әбден жанышталып, көмескіленіп, әлсіреп шыққан халықпыз.

«Оның үстіне ел тәуелсіздігімен бірге нарықтық экономикаға негізделген капиталистік даму һәм ғаламдану айқара есігін ашып, ғасырлар бойы деформацияға ұшырап, әбден сілікпесі шыққан ұлттық санамызды кезекті ауыр соққылардың астына ала бастады», - деді ол.

Сарапшылардың пікірінше, қоғамдық формациялардың ауысуы тұсында құндылықтардың құлдырауы - заңды құбылыс. Сәйкесінше, бұған төтеп берудің бірден-бір жолы - ұлттық иммунитетті күшейту екендігі жыл өткен сайын өткірленіп, сан қырынан жарқырап, айқындала түсті.

Сайып келгенде, қазақтың алыс болашағын бүгіннен бастап болжауға ұмтылыс жасаған «Рухани жаңғыру» стратегиясында көтерілген ауқымды мәселенің түйіні, бүгінгі өскелең ұрпаққа берілер «білім - жаһандық, тәрбие - ұлттық» болу керек дегенге саяды.

Әсіресе, жаһандану аждаһасы алаш даласына ауыз салғалы ұлттық құнардың уызына қанған технократтық ұлт қалыптастыру кезек күттірмейтін міндет екені күн тәртібіне шықты.

Қысқасы, елімізде мемлекет құраушы ұлт санының табиғи өсімімен бірге ұлттық идеология мемлекеттік саясаттың құрамдас бір бөлігіне айналды. Соның айқын дәлеліндей, Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы екендігіне тоқталды.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, еліміз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы республикамыздағы жалпы халық санының 40 пайызына әрең иек артқан жер иесі қазақ халқының бүгінде 75 пайызға жақындауы - түсінген жанға көп мән-жайдың айғағы. Осы орайда халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің осыдан ондаған жыл бұрын айтқан «Құдайға шүкір, біз бүгінде 10 миллионнан астық, енді құрымаймыз» деген қанатты сөзі еске түседі.

Ғалымның пайымдауынша, осы ретте француз жазушысы Жермена де Сталь айтпақшы «Тәуелсіз халықта ғана ұлттық мінез болатынын» ұмытпағанымыз жөн. «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» аясында қолға алынып, еліміз бен өңірімізде атқарылып жатқан қыруар шаруаларды осындай жасампаз жобаның бастапқы қадамы ретінде қабылдауымыз керек.

Өйткені ұлттық рух, ұлттық мүдде, ұлттық намыс аталатын қасиетті ұғымдардың қайтадан жаңғыруы біз сияқты балауса, жауқазын, қияға көзін қадаған жас тәуелсіз мемлекет үшін аса маңызды. Әсіресе, соңғы жылдары Елбасы биік мінбелерден жасаған баяндамалары мен сұхбаттарында «Ұлы дала» ұғымын тілге жиі тиек етіп, саяси лексиконда бұл тіркес тұрақты қолданысқа енгендіктен, құлаққа сіңісті бола бастады.

Ақиқатын айтсақ, ежелгі дүние мен орта ғасырларда біздің ұлы бабаларымыздың ұлы империялар құрып, көк сауыт киген түркі қаһармандары мінген тұлпарлардың дүбірі Еуразияның сайын даласының апшысын қуырып, көшпелілердің дүбірлі даңқына бүкіл әлемнің дүркірей қол соққаны тарихи шындықтан алшақ жатқан жоқ.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл - орынды мақтаныш. Сол сияқты ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады», - деп жазды.

Осы жерде біздің де ата тарихымызда қазіргі жас ұрпақтың бойын мақтаныш сезімін кернейтін мысалдардың аз емес екенін айта кетудің еш артықтығы жоқ. Мәселен, ХІ-ХІІІ ғасырлардың басында негізінен қазіргі Қазақстан территориясында даңқты ата-бабаларымыз құрған Дешті Қыпшақтың жер аумағы Ертіс өзенінен Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатқанын көз алдымызға елестетіп және бүкіл әлемде олардың жер аумағына тең келетін бірде-бір мемлекет болмағанын ескерсек, Ұлы даланы ғасырлар бойы мекендеген ұлы халықтың тарихына сүйсінбеске лажың жоқ.

Келтірілген бір ғана деректің өзінен бүгінде біздің территориямыз жөнінен әлемде алдыңғы тоғыздыққа кіретініміздің сыры анықтала түседі. Сөз орайында тағы бір назар аударарлық нәрсе, қазақ халқының жер аумағы жөнінен ұлтқа шаққанда дүниежүзінде алдыңғы орындардың бірінде екені ұлтымыздың ерлік, батырлық, жауынгерлік дәстүрін паш етеді.

«Ойымызды тобықтай түйсек, соңғы екі жылда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қазіргі қазақ қоғамын, әсіресе, жас ұрпақты отаншылдыққа, елжандылыққа, ұлтжандылыққа баулитын орасан зор жұмыстардың басталғанын жоққа шығару мүмкін емес және оның жүйелі, тиянақты, кәсіби түрде жалғаса беруіне бүкіл ел-жұрт болып жұмылуымыз керек», деп түйіндеді ойын Жаңабек Жақсығалиев.

Соңғы жаңалықтар