«Ұлы даланың көне сарындары» Қостанайға жетті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі Қостанай облысында жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Nur Otan» партиясының 20 жылдығына орай барлық өңірде өтіп жатқан «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалі Қостанайға да жетті. Өнерпаздарды астықты аймаққа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов бастап келді. Фестивальдің ашылу салтанатына «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алмат Досмұхамедов қатысты.

«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық мәдениетімізді кеңінен насихаттауға ерекше мән берілген. «Nur Otan» партиясы аталған мақалада көрсетілген идеялар мен құндылықтарды дәріптеуге арналған игі істерді қолдауды жалғастыруда. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалін өткізуді қолға алды. Бұл фестиваль партиямыздың 20 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралардың және «Зиялы қауыммен жұмыс» партиялық жобасының аясында өтуде. Фестивальдің танымалдығы артуына қолдау көрсеткен өнер иелеріне, Мәдениет басқармасына партия басшылығы атынан алғыс білдіреміз», - деді Алмат Досмұхамедов.

Фестивальде Алмас Алматов, Манапбек Кәдіров, Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанова, Гүлмира Сарина, Жәкен Омаров, Талғат Молдағалиев, Қыдырбек Қиысхан, Батыржан Мықтыбаев сынды елге танымал жыршы-термешілер өнер көрсетті.

«Тарихи сананы жаңғыртуда дала фольклоры мен музыкасының алатын орны ерекше. Сондықтан кешке жиналғандар қазақтың әдемі әні мен күйін, жырын, термесін тыңдап, рухани байып қалды. Мән-мағынасы терең, өскелең ұрпаққа рухани-тәрбиелік маңызы жоғары дәстүрлі музыка өнері дәріптелетін бұл шара еліміздің барлық өңірінде кеңінен насихатталады», - деп бөлісті фестиваль қатысушысы Айжан Санай.

Мұндай дәстүрлі ән кештерін өткізу жастардың музыка мен өнерге қызығушылығын оятатыны сөзсіз. Жастар ұлттық музыканың артықшылығын ұғынады дейді ұйымдастырушылар.

Соңғы жаңалықтар